Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр

0
29

Қаржы министрі Мәди Такиев Қырғызстанға барып, Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиевпен екіжақты кездесу өткізді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев та қатысты

Тараптар 2024 жылғы сәуірде Астанада Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері қол қойған «Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты» және «Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді» іске асыруды талқылады.

Мәди Такиев Қазақстан Қырғыз Республикасымен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ұмтылатынын атап өтті.

Бірлескен күш-жігердің арқасында 2023 жылы өзара сауда көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

«Менің ойымша, Президенттер қол қойған құжаттар Қазақстан-Қырғыз қатынастарының дамуына жаңа серпін береді. Бүгінгі таңда бұған барлық деңгейдегі белсенді және сенімді саяси диалог ықпал етеді. Қиын геосаяси жағдайларға қарамастан, екі мемлекет кейбір бағыттарда сауда қатынастарын сақтап, нығайтты. Біз, қырғыз тарапы сияқты, жақын арада тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», – деп атап өтті ҚР қаржы министрі.

Мәди Такиев «Қордай» және «Қарасу» өткізу пункттерінің, қолданыстағы ақпараттық жүйелердің жұмысын тексерді.

Ведомство басшысына шекараны кесіп өту кезінде бақылау жүргізу процестері көрсетілді, көлік құралдарымен шекараны кесіп өту алгоритмі айқын көрсетілді.

Тәулігіне орта есеппен «Қарасу» өткізу пункті арқылы 500-ге жуық жүк машинасы, «Қордай» арқылы – 300 машина (5 тоннаға дейін) өтеді. Шекарадан өту уақыты шамамен 25-30 минутты құрайды.

Министр ақпараттық жүйелердің функционалдығымен, атап айтқанда, тауарларды өткізу кезінде ықтимал бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесімен танысты.

Жалпы, мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО елдерімен барлық шекарада тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етті, өткізу пункттерінде бақылау шаралары ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.


ПІКІР ЖАЗУ