“Әйелімнің артынан жасау келмеді”: Әйелін ұрды деп айыпталған дипломат өз нұсқасын айтты

0
257

Әйелін ұрды деп айыпталған дипломат Сәкен Мамаш болған оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

Дипломат өзінің қарапайым шаруаның отбасынан шыққанын, осы деңгейге еңбегі мен білімінің арқасында көтерілгенін алға тартты. Сонымен қатар ол қазір болып жатқан оқиғаларды түсіндірді.

«Сүрінбейтін тұяқ болмайды демекші, әрбір отбасыда ыдыс аяқ сылдырламай тұрмаса керек. Бұндай жағдайдың орын алғанына қатты өкінемін, жұбайыма да айттым, кез келген күні қайта татуласуға дайынмын, ұлым мен қызымды сағындым. Қателіктер екеумізде де болды, қазір тергеу жүріп жатыр, сот кінәлі деп тапса, еркек тоқты құрбандық дегендей, жауапкершіліктен қашпаймын. Өз басым бұл жағдайды өмірдегі сынақ деп қабылдап, барынша сабақ алуға тырысып, түннен кейін күн шығар деп үміттенемін”, – дейді ол.

Сәкен Мамаш өзінің де әйелінің де әкесіз өскенін алға тартты.

«Жұбайым Каринамен сүйіп қосылдым. Анасы Жанарға рахмет, бізді қолдап, қызын өз қолымен ұзатты. Карина екеуміз де әкесіз жетім өскенбіз, екі жарты бір бүтін болдық. Отбасы құра салысымен Карина құрсақ көтергенде, Құдай бізге жақ, бірден нәресте берді, қолдағаны ғой деп қатты қуандым. Араға екі жыл салып, ұлдың ізін ала қызымыз дүниеге келді, өзімізді бақытты жанұя сезіндік. Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін. Ұлым мен қызым менің өмірімнің мәні, жалғасы, шежірем емес пе? Оларды қазақи тәрбиемен, иманға жақын, адал, білімді, мейірімді етіп тәрбиелеуді армандадым”, – деп түсіндірді ол.

Дипломат балаларының тағдырына алаңдайтынын айтады.

«Алайда, қазіргі іс насырға шауып, отбасымның шаңырағы ортасына түскенде, балаларымның тағдыры не болады деген сұрақ түн ұйқыдан айырып, жанымды жегідей жейді. Ажырасқан соң, олардың басқа еркектің қас қабағына қарап жалтақтап, еңсесі түсіп, мүсәпір күй кешерін көзге елестетсем, жүрегім қан жылайды. Ұл мен қызымды Астанадағы үш бөлмелі пәтеріме жайғастырып, мектебіне, киім кешегіне қарасып тұрамын. Әкесіз өскен баланың тағдыры келесі бірнеше ұрпаққа теріс әсер етпесіне кім кепіл? Ұлымнан допрос алыпты, енді ол өзін өмір бойы кінәлі сезініп өтетінін ойлаған адам болар ма екен? Ұлым мен қызымның есі кіріп қалды, «біз отбасыда төрт адамбыз, бірге тұруымыз керек» дейді, оларды көрмегелі көп болды, сағыныш өзегімді өртейді, олар да сағынады әкесін, бұл қалай болғаны, мен олардың әкесі емеспін бе?”– дейді Мамаш.

Ол әйелі Каринаның барлық жағдайын жасағанын жеткізді.

«Зайыбым Карина мені экономикалық зорлық жасады деп айыптады, соған орай бірқатар мән-жайлардың басын ашайын. Екеуміз отбасы құрғалы не жеймін, не ішемін демеді, қалаған киімін алып беріп жүремін, шынын айтқанда менен де жақсы өмір сүрді. Отбасымда сен, мен, сенікі, менікі демедім, отбасым, жан жарым, біз, біздікі деп жүрдім. Себебі біз бірміз. Карина ұзатылғанда Қаржан ауылындағы бір-екі жеңгем «әй, қыздың жасауы, киімі деген болушы еді, ең болмаса ыдыс-аяқ келмеді артынан» дегенде, «мен мал мүлік емес, жан жарымды алып жатырмын, бұндай әңгімені қойыңыздар» деп, тоқтау салған едім. 2014 жылы Астанадан Брюссельге 4 жылға кетерде, екеуміз де бір қабат киіммен бардық, сол жақта еуропалық киім-кешек алдық. Еуропаның Карина қалаған көп жерін аралаттым, Канары, Испания, Италия, Греция, Кипрде апталап демалдық, Бельгияға жақын Франция, Париж, Германия, Голландияға қыдыру көрші ауылға барып келгендей болатын. Есімде, Грецияға шуба алуға барғанда, Каринаға бір шуба, маған бір жағалы пальто аламыз деп жоспарлап, күні бойы аралап, бір қарасам Каринаға 6 мың евроға екі шуба сатып алыппыз. Мен өзіме ештеңе де алмадым. Соған бола берсінші, менің жан жарым ғой дедім. Мұны айтқанға мені айыптамаңыздар, майдаланып отыр деп сөкпеңіздер! Каринаның өз жеке басына қатысты экономикалық жағдайды көтеріп отырғанына айтып отырмын. Мен одан ештеңені де аяған емеспін, аямаймын да. Алтын бриллиант дегендерді кемінде екі үш қабаттан тақты”, – дейді дипломат.

Сонымен қатар ол әйелі еркін саяхаттап, қалағанын алғанын, ешқандай қысым болмағанын айтты.

«Қолында жаңа Айфон, менде самсунг, көп жігіттерде сондай-ау осы. Әбу-Дабиде жүргенде Каринада өзінің кредит картасы болды, қажетін сатып алып жүретін. Тырнақ істететін және әйелдер баратын басқа да салондарға барып жүрді. Үйдің әр бөлмесінде косметиканың түр түрі үйіліп жататын, макияж, визаж дегендерді ұнатады, өз бетіне әртүрлі сурет салып жүретін. Музыкамен әуестеніп, оларды жүздеген долларға бірнеше рет сатып алып, өлең жазып, ән шығарды, дауыс жазу мен аранжировка да арзан емес. Астанада жүргенде ақылы актерлық курстарға барып, өзін актриса сезініп жүретін. Ағылшын тілінің және авто жүргізу курстарына барды. Аш қалған емес, күні бойы кухня мен холодильник өз қолында, одан қалса аптасына кемінде 2-3 рет қалаға шығып, ресторандарда бірге тамақ ішеміз. Өзі 50 килодан асып кетсе, семіріп кеттім деп, диетаға отыратын. Дубайға қыдыру, шопинг, пляж, аквапарк, океанариум, технопарктер, зоопарк, сафари парк, мейрам немесе демалыс күндері қонақүйлерге бару, ресторандардан, отбасымнан ақшаны аямадым. Үйде төрт адам болсақ, жұбайымның киім-кешегі қалған үшеуіміз — мен, ұлым, қызымдікін қосқандағыдан екі есе көп шығар. Осы жолы елге көшіп келерде киім кешек, ойыншықтар, техника т.б. бәрі 15 қораппен келдік, соның 8-9 қорабы Каринаның киім-кешегі. Зайыбымның өзі айтып жүргендей, Еуропада айлық жоғары, кең жүрдік, Астанада қаражат мол емес, көрпемізге қарай көсілдік. Әбу-Дабиде күн ыстық, жүрек қысылады, көшеде Еуропадағыдай ашық-шашық жүре алмайсың, айыппұл салады. Бәлкім бұл мән-жайлар да жұбайымның жанына батқан болар”, – дейді Мамаш.

Сәкен Мамаш қайын енесіне де қаржылық тұрғыдан көмектескенін айтып берді.

«Жұбайыңның анасына өз анаңдай қара» деген бар, қайын жұртыма үйленгелі жыл сайын қаражат беріп келемін, есептегенім жоқ, дегенмен ең аз дегенде 15-20 мың доллардан кем емес. Қайын енемнің операциясына, қайын әпкемнің оқуына бердім, жәй жәрдем ретінде де қолына ұстаттым. Қайын енем, өзі жалғызбасты, рахмет айтқан кезде «маған Құдай береді, бермесе сізге бере алмас едім», сондықтан алғысты жоғары жаққа айтыңыз дедім. Қайын енемді Бельгияға да, Әбу Дабиге де билетін алып беріп шақырып, қыдыртқаным бар. Хош, сонымен соңғы 1-2 жылда жұбайым Карина қайыр-садақаңды тоқтат дей бастады. Каринаға «бізде Құдайға шүкір жағдай жақсы, қайыр-садақа отбасымызға сауап, қорған болады, саған да, марқұм әкеңе де тиеді» дедім. Қайын енем маған «меценат» деп мазақ ат қойып, ол да қызымен бірге қысым жасай бастады. Жалпы, қайын енем біздің отбасының істеріне қатты араласты. Ол кісі өзі Ресейде үйде отырады, бірақ біздің ұсақ түйектер істерімізге дейін өзінің ақыл-кеңесін аямайды. Оларға қаржылық мүмкіндігім болғанына шүкір, қалтама қарап қайыр беруді жалғастыра беремін дедім. Бір жағынан, өзімнен де бар шығар, қайыр, садақа, қанағат дегендерді оның жүрегіне жеткізе алмадым-ау. Мүмкін, менің осы әрекеттерім де қателік болған шығар”, – дейді ол.

Дипломаттың сөзінше ол келіншегінің ажырасуға шешім қабылдағанын жақында ғана естіген.

«Арыдан бастасам, өзім енді естіп жатырмын, қайы енем мен жұбайым былтыр көктемнен бері ажырасуға шешім қабылдап қойған екен. Онысын маған айтпайды, білдірмейді, ойнап күліп, дайындалып, қолайлы сәтті күтіп жүргендей. Кейін ойлап қоям, бұлар бұрыннан ажырасуға шешім қабылдап, осы сәтті ыңғайлы деп шешіп, арандатушы арнайы операция жасаған ба деп. Ойлап отырсам денем түршігіп, ордалы жыланға тап болғандай күй кешемін. Ресейліктер спец-операция жасауға мастер емес пе!? Біз еркек байғұс аңғал келе ме, әлде мен ғана аңқаумын ба, жұбайымның ондай көңіл күйін тіпті байқамаппын. Қалай аңғарасың, әйелің еш шағымданбастан, жаныңда ойнап күліп жүрсе. Былтыр жазда өзі барғысы келген Италияға он күнге апарып, күздегі туған күніне бриллиант жүзік пен алтын сырға сыйлап, биылғы 8 мартқа жергілікті «Мальдивы» деп атайтын аралдағы қымбат виллаға апардым. Мен ажырасу туралы ойласам, осыны жасар ма едім!? Жұбайым Карина ресейлік азаматтықтан әлі шықпастан, оған қоса ұл-қызымды Ресейге әкетуге шешесіне құжат дайындап қойғанын айтты. Бұл маған өте ауыр тиді”, – дейді ол.

Мамаш өзінің әйелінің көзіне шөп салмағанын айтты.

«Жұбайымның көзіне шөп салмағанмын. Бұл зинақорлық, үлкен күнә. Карина негізсіз кінәлаған бухгалтер әріптесімнен кешірім сұраймын, Карина мені қызғанған соң қате қорытынды шығарып, ол келіншекті бекер айыптады. Мұны әйелге тән қызғаныш деп қойғанмын. Мені бір алкогольге жақын адам етіп сипаттағаны ұят болды. Менде ішімдікке деген бір қажеттік жоқ, бірнеше жылдап татып алмаған кездерім болды. Кей-кейде дипломатиялық қабылдауларда, той-томалақта бірлі жарым шарап боп тұрады”, – дейді ол.

Артынша Сәкен Мамаш отбасы мәселесін, әйелдің эмоциясын ортаға салып талқылағаннын дұрыс емес екенін айтты.

Дипломаттың әйелі Карина Мамаш кезекті мәлімдеме жасады. Ол күйеуінің туыстарынан қоқан-лоққы көргенін айтады.

Әйелдің айтуынша, үлкен келіні Гүлнәр әжесіне телефон соғып, полицияға жазған арызын алып кетуін сұраған.

«Ол әжеме телефон соғып, кеш болмай тұрып, Карина өтінішін қайтарып алғаны дұрыс екенін, Сәкеннің Астанада, жалпы Қазақстанда достары бар екенін айтқан. Олар оны адам танымастай етеді немесе өлтіреді, тым кеш болмай тұрып, Каринаға арызын кері алу керек деген. Олар басында кешірім сұраған қазір қорқытып жатыр», – дейді Карина Мамаш.


ПІКІР ЖАЗУ