Фармацевтикадағы ахуал: Қазақстан шетелдік дәріге тәуелді

0
25

Былтыр елімізде дәрі-дәрмек өндірісі 20 пайыздан 14 пайызға төмендеді. 
Бұл дегеніміз Қазақстан азаматтарына қажет дәрі-дәрмектің 86 пайызы шет елдерден келетінін аңғартады,-деп хабарлайды politico.kz

Демек, фармацевтика саласы ілгері баспай тұрғанына анық айғақ бар. Біраз бұрын ел билігі 2025 жылға қарай ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық өніммен қамтамасыз етеміз деп мақсат қойған.

Жоғарыдағы деректерге қарасақ, бұл жоспардың орындаларына сенім жоқ.

Өндірісті арттырудан пайда аз.

Әуелі бір сауал: отандық өндіріс ішкі сұраныстың қанша бөлігін жауып келді? 2019 жылы еліміз дәрі-дәрмек бойынша ішкі қажеттіліктің 23 пайызын толтыра алдық. Сол кезде көрсеткіштің жақсы қарқынмен өсе береріне үміт болған. Алайда коронавирус пандемиясының ызғары сәл басылған 2021 жылы көрсеткіш лезде 12 пайызға дейін төмендегені мәлім. 2022 жылы 15,8 пайызды құраған өндіріс көп өтпей 20 пайызға қайта көтерілгендей еді, әйтсе де деңгей 2023 жылдың қорытындысы бойынша 14 пайыз шегінен аса алмағанын байқап отырмыз. Мұны таяуда Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі растап, салаға көңіл толмағандай кейіп танытты.

Жоғарыда 50 пайыздық межені текке сөз етпедік. 2024 жылдың алғашқы жартысы өтті, 2025 жыл жақын. Бірақ осы уақыт аралығында ішкі сұраныстың 20 пайызын да өтей алмаған өндіріс 50 пайызға жетіп үлгереді деу ақылға сыймайды. Мұны медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев те айтып отыр.

«Қазақстан дәрі-дәрмек шығару ісін мықтап қолға алуға потенциалы бар мемлекет емес. Германия немесе АҚШ, Жапония секілді елдерге ілесе алмайтынымыз даусыз. Оның үстіне жалпы өндіріс жақсы дамымаған, халқы аз елдерге зауыт салу тым қымбатқа соғады, өндірген күннің өзінде кеткен шығын ақталмауы мүмкін. Кейде отандық дәрі-дәрмек шығарушылар Ресейде жасалған өнімді «отандық» деп таратып, сол арқылы салаға бөлінген ақшадан үлесін алады. Мәселен, бір кездері онкологияға қарсы көрсеткіші жақсы препарат ретінде қазақстандық өнім таңдалды. Алайда кейін шындық ашылып, өнімді шығарған ресейліктер екені анықталған. Әйткенмен Ресейдің өзі делдал рөлін ойнап жүр, олар көбіне өнімді Кипрден алады. Осы процесті өндіріс деп айтуға келе ме? Әрине, жоқ», – дейді маман.

Көнеевтің айтуынша, шындығында Қазақстанның дәрі-дәрмек бойынша ішкі сұранысының 20 пайызын өтеп жүргені – үлкен жетістік. Себебі одан артық мөлшерді еңсере алмайды. Мәселен, жоғары технология арқылы өндірілетін препараттар бар. Оны өндіруге шамамыз жетпейді. Сондықтан еліміз ішкі сұранысының 50 пайызын отандық өніммен толтыра алады дегенге сенудің қажеті жоқ екен.

Айтпақшы, коронавирус пандемиясы басталып, дәрі-дәрмек тапшылығы болған уақытта еліміз өндіріске шындап кіріскендей болған. Алайда жағдай реттеле бастағанда лезде қайта бәсеңдеді. Мысалы, былтыр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «өндірістің азаюына эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы әсер етті» деп ресми мәлімдеді. Сондықтан халықтың денсаулығына, медициналық мекемелер мен өндіріске артық күш салуды қажет етпеген. Ведомствоның ұсынған дерекке қарасақ, қазір елімізде 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді. Оның 34-і дәрілік заттарды өндіруге маманданған, 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығарады. Жалпы алғанда, елімізде 1 046 атаулы дәрі-дәрмек пен 1 320 медициналық бұйым түрі жасалады.

Дәрі-дәрмек қымбаттай беруі мүмкін.

Қажетті дәрі-дәрмектердің басым бөлігін шетелден алдырту қажет болғанда бұл баға саясатына әсер етпей қоймайды. Себебі импорттық өнімдердің жол шығыны, өзге салық пен пайыздары бар.

Дәріхана желілері шетелдік әріптестерімен АҚШ доллары арқылы есеп айырысады. Жиі құбылатын теңгенің жағдайында тиімді болмайтыны белгілі. Бұған дейін сарапшылар отандық өндіріс дамыған күннің өзінде баға өсе беретінін болжаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың басында халықтың сұранысындағы бірнеше дәрі едәуір қымбаттаған екен.

Мысалы, «Хилак форте» препаратының құны бір жыл аралықта 42,1 пайызға, ацикловир – 12,3%, «Эссенциале форте Н» – 11,4%, ауырсынғанды басатын «Но-шпа» – 10,1%-ға өскен.

Биыл да баға тұрақталып қалмайды. Мамырда фармацевтикалық бизнес нысандарының иелері бағаны шамамен 5 пайызға көтеруге мәжбүр екенін хабарлады.

Өйткені елде препараттарды міндетті түрде тіркеу туралы ереже күшіне енгелі тұр. Оның үстіне дәріханалар қымбат құрал-жабдық пен білікті мамандарды тартуға мүдделі көрінеді.

Осы тұста қоғамда дәрі-дәрмек бағасына қатысты шағымдар болуы мүмкін екенін жасырмаймыз. Тіпті, биліктен бағаны ұстап тұруды талап етеді.

Алайда дәріхана сөрелеріндегі бағаны қолдан реттеудің зияны болуы мүмкін. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Түркия халыққа қолайлы болуы үшін бірнеше жыл бойы дәрі-дәрмек бағасын қолдан арзандатып отыруға тырысты.

Нәтижесінде әлемдік нарықтағы кейбір алпауыт фармкомпаниялар аталған елге өнімдерін жеткізуге келіспеген кезеңдер бар. Науқастар қажетті емге қол жеткізе алмай қиналады. Сондықтан дәрі бағасын қолдан реттеуді тиімді жол ретінде санай алмаймыз.

Айтпақшы, бұл тұста 2 жылдан астам уақыттан бері тоқтамай тұрған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс елімізге келетін 25 түрлі препараттың жолын шектегенін айта кетейік.

Барлығы украиналық өнімдер, ал ресейлік препараттар еш қиындықсыз келуде. Дегенмен «бір елдің аясы тарылғаннан салада не өзгереді» деп ойламаған жөн. Себебі 2022 жылға дейін елімізге келетін дәрі-дәрмек ағыны бойынша украиналық өнімдер Еуропа елдері мен Ресейден кейінгі орында тұрған.

Әлем елдеріндегі тұрақсыздық осылайша дәріхана желілерін де әуреге салды, көбінде Украина өндірушілерімен байланыс үзілген.

Қорыта айтқанда, жаһанда маңызын ешқашан жоймайтын дәрі-дәрмек өндірісін назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал елдегі ахуалға сөз етсек, 2025 жылға қарай отандық өндіріс үлесін 50 пайызға жеткізу жоспары іске аспайтынын байқатты. Препараттар бағасы да жыл сайын бұрынғы дәстүрмен өсе бермек.


ПІКІР ЖАЗУ