Әр картинасы 50-100 мың доллар тұратын суретші қазақ әйелдерін масқаралаған

0
47

Қазақ әйелдері көпшілік жерде жалаңаш отырған дегенді естегендеріңіз бар ма?

Мәжілістің бірнеше депутаты (араларында Қазыбек Иса, Еділ Жаңбыршин, Аманжол Әлтай бар) 2022 жылы Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаевқа қазіргі қазақ киносы және театр қойылымдарымен жұрт алдында жүрген кейбір өнер адамдарының ұлт мүддесіне қайшы келетін әрекеттеріне тосқауыл қою керектігін айтып хат жазған. Оны тәуелсіз сарапшы Серікбек Болатбекұлы Facebook-тегі парақшасында еске салды,-деп хабарлайды politico.kz

«Сол хатқа қол қойған барлық депутқа алғысым зор. Мәдениет министрлігіне қарайтын саланың бірі – сурет өнері (живопись). Республикалық Орталық музей, Қастеев атындағы сурет өнері музейінде Николай Хлудов (1850-1935) деген орыс суретшісінің салынған мыңға тарта суреті сақтаулы екен. 1890-жылдары Ресейден Алматыға келген бұл суретшінің төменде екі туындысын салып отырмын.

Бірі «БАЛАСЫН ЕМІЗІП ОТЫРҒАН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ» деп аталса, екіншісінде жүн сабап отырған әйелдер бейнеленген екен. Мен бұл екі туындыны да қазақ болмысына жат, ұлттық мүддеге күйе жағар, қазақ елін әлемге жабайылық жайлаған, иба мен ұяттан жұрдай қылып көрсету үшін салынған суреттер деп білемін. Қай қазақтың анасы омырауын ашып, сәбиін жұрт алдында емізуші еді? Қазақ әйелдері көпшілік жерде жалаңаш отырған дегенді естегендеріңіз бар ма? — деп ренішін білдірді Серікбек Болатбекұлы.

Оның айтуынша, суретші Николай Хлудовтың өзі: «Мои произведения выполнялись большей частью с 1884 года и к произведениям своим я ничего не прибавлял и не убавлял, рисовал свои наброски с натуры, что называется, объективно» деп жазып кеткен.

Тіпті, Ольга Зорина деген журналист те: «Многие работы маcтера до сих пор вызывают споры, и в то же время не перестает удивлять своей исторической достоверностью и этнографической точностью воспроизведение деталей быта казахского аула начала прошлого века», — деп «баға берген» осы суреттерге.

Сол себепті Серікбек Болатбекұлы көзімізді бақырайтып қойып, ұлтымызды қорлап, мазақ еткен Хлудовтың әр картинасы 50-100 мың доллар тұратынын сорақылық деп есептейді.

Ал Ольга Зорина ол автордың суреттерін кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өзі жоғары бағалағанын жазыпты. Бірақ Серікбек Болатбекұлының уәжіне сүйенсек, Ахаң тек Алатау көрінісін ғана ұнатқан.

Екі суретті «рисовал свои наброски с натуры» деп Хлудов кетсе, артынан Зорина дегендер «…не перестает удивлять своей исторической достоверностью и этнографической точностью воспроизведение деталей быта казахского аула начала прошлого века» деп дәріптеп жатқанын көрген ұрпақ қандай тәрбие, қандай білім алмақ?! Бұл ұлтсыздандыру саясатының жалғасы ғой. Жоғарыдағы депутаттар тобы осы мәселені де назардан тыс қалдырмаса екен», — деп ашынды жазба авторы.

Өкінішке қарай, депутаттардың хаты мен біз сөз етіп отырған пост жазылғанда мәдениет саласына тікелей жауапты Дәурен Абаевтың өзі журналист Айнұр Коскинаның Бозжырадағы шипажай аумағы жобасы туралы сұрағына қарсы сұрақ қойып, мәдениетсіздік танытқан болатын. Еске сала кетсек, сондағы журналистің Бозжыра шатқалында болғандығына қатысты екеуара диалог мынадай:

– Сіз үстінде болдыңыз ба, астында ма?

– Астында да, үстінде де.

– Астында да, үстінде де болдыңыз ба? Сіз белсенді турист екенсіз. Себебі астында да, үстінде де болғандар өте аз.

– Менің жол нұсқаушыларым мықты болды.

– Қай жерде көбірек ұнады? Астында ма, үстінде ме?

– Үстінде көбірек ұнады.

– Мм, үстінде көбірек ұнады дейсіз ғой…

Ол видео желіге тез тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік министр ыңғайсыз сұрақтарды әдейі қойды деп топшылады. Енді мынадай «мәдениетке» қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бейжай қарай қоймас. Өйткені ол – қоғам талқысына түсіп, ушыға жаздап тұрған мәселелерге дер кезінде назар аударып, мейлінше үн қатып жүрген министр.

Ал дәл мына екі суретке «жай ғана өнер ғой» деп ақылгөйсіп кететін кейбір оқырманға жалғыз сұрақ: Өнерді түсініп, қатты бағалайтын жанашыры ретінде осы картиналарды өз үйіңіздің төріне іліп қоя аласыз ба?


ПІКІР ЖАЗУ