130 жас: Әлемдегі ең қарт адам белгілі болды

Өзбекстанда 130 жастағы Хувайдо Умарованың туған күні сот арқылы ресми түрде расталды. Енді ол Гиннестің рекордтар кітабына еніп, әлемдегі ең қарт адам атануы мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ Өзбекстан Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін әжейдің жасын ресми тіркеу мүмкін болмаған, себебі 1999 жылы берілген төлқұжатында оның толық туған күні көрсетілмеген. Бұл мәселе Әділет министрлігінің «Бірде-бір адам құжатсыз қалмайды» акциясы аясында анықталған.
Қоқан ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты Хувайдо Умарованың тұрғылықты жеріне, яғни «Қорақұм» махалласына арнайы көшпелі отырыс өткізді. Сол кездегі туу туралы куәлік сияқты бастапқы құжаттардың болмауына қарамастан, сот қолда бар деректер мен куәгерлердің сөздеріне сүйеніп, оның 1895 жылы 1 қаңтарда туғанын ресми түрде бекітті.
Енді Хувайдо Умарова ресми түрде Өзбекстанның ең қарт азаматы болып саналады. Оның туыстары Гиннестің рекордтар кітабына өтініш бере алады. Егер халықаралық сарапшылар оның жасын растаса, ол қазіргі рекорд иесі, 116 жастағы британдық Этель Кэтерэмді басып озады.
Алайда, Гиннестің рекордтар кітабы сияқты халықаралық ұйымдар 110 жастан асқан адамның жасын растау үшін туған күнді куәландыратын кем дегенде үш тәуелсіз құжатты талап етеді. Мұндай құжаттардың болмауы көптеген ұзақ өмір сүру туралы мәлімдемелердің расталмауына себеп болады.
Соңғы жаңалықтар





