16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынады
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне шектеу енгізуді көздейтін жаңа заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Құжат «Онлайн-платформалар және массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының құрамында және «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған.
Не өзгеруі мүмкін?
Заң жобасындағы негізгі норма - «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға енгізілетін жаңа 10-1-бап. Онда:
«Он алты жасқа толмаған пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салынады. Ерекшелік - жедел хабар алмасу сервистеріне тіркелу»,
- деп нақты жазылған.
Бұл өзгеріс күшіне енсе, кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілер, видеохостингтер, контент платформаларында аккаунт ашуға рұқсат берілмейді. Тек мессенджерлерде тіркелу мүмкіндігі сақталады.
Шектеу не үшін енгізіледі?
Бастаманың басты мақсаты - балаларды зиянды, агрессивті және құқыққа қарсы контенттен қорғау.
Заң жобасы 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмадан кейін әзірленген. Онда интернет-платформалардың деструктивті контентті таратудағы жауапкершілігін заңмен күшейту қажеттігі айтылған.
Министрлік бұл түзетулердің арқасында:
-
заңсыз контент көлемі азаяды;
-
интернеттегі балалар қауіпсіздігі артады;
-
шетелдік және отандық платформалар үшін ортақ талаптар қалыптасады;
-
онлайн-платформалар мен медиасалаға деген қоғамдық сенім нығаяды, деп күтеді.
Сонымен бірге, құжатты іске асыру бюджеттен қосымша шығынды талап етпейтіні және әлеуметтік-экономикалық теріс әсер бермейтіні көрсетілген.
Заң қашан күшіне енуі мүмкін?
Парламент қабылдап, Президент қол қойғаннан кейін заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар