16 жастағы қызды қызғаныш үшін ұрлап, азаптаған екі әйелге сот үкімі шықты

09.06.2026 10:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
16 жастағы қызды қызғаныш үшін ұрлап, азаптаған екі әйелге сот үкімі шықты
184
Фото: Бейнеден алынған кадрлар

Алматы облысында 16 жастағы оқушы қызды ұрлап әкетіп, азаптаған 1996 жылғы екі әйел 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл мәлімет ведомствоға жолданған ресми сауалдың жауабында белгілі болды.

Сот процесі 2026 жылдың 5 ақпанында аяқталып, күдіктілерге қатысты түпкілікті үкім шықты. Бастапқыда қылмыстық іс «кәмелетке толмаған адамды азаптау» және «оған қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау» баптарымен қаралған болатын. Алайда сотталушылардың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты зорлық-зомбылыққа қатысты айып алынып тасталды.

«Қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігін қадағалаушы прокуратура тексерді, 2026 жылғы 5 ақпанда сотта қылмыстық істі қарау нәтижесі бойынша олар Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды», — деді Ішкі істер министрлігі.

Тергеу барысының мәліметіне сүйенсек, күдіктілер 2025 жылдың тамызында қамауға алынып, іс айыптау актісімен желтоқсанда сотқа жолданған. Таралған ақпаратта полиция оларды қыркүйек айында жасөспірімді үйінен алдап шақырып, күшпен ұстады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына жапқаны да айтылған.

Жәбірленушінің анасының сөзіне қарағанда, оқиғаға бір әйелдің қызғанышы себеп болған. Мектеп оқушысы жоғары оқу орнына түсу мәселесін талқылау үшін бір ер адаммен телефон нөмірімен алмасып, кейін ол қызға бейнеқоңырау арқылы хабарласқан. Көп ұзамай жасөспірімге өзін әлгі жігіттің қалыңдығымын деп таныстырған бейтаныс әйел қоңырау шалып, онымен араласпауды және нөмірді бұғаттап, растау үшін скриншот жіберуді талап еткен.

Қыз бұл шарттардың бәрін орындағанымен, келесі күні күдікті құрбысымен бірге оқушының үйіне көлікпен келіп, оны сөйлесуге шақырған. Олар қызды көлікке отырғызған соң телефонын тексеріп, соққыға жыққан және өзен жағасындағы адам жоқ жерге апарып, темекі тұқылымен күйдірген. Сонымен қатар күдіктілер жәбірленушіні ұрып-соғып, басын бірнеше рет суға батырған және аяқ киімін сүюге мәжбүрлеген, ал бұл әрекеттердің барлығын күдіктінің құрбысы видеоға түсіріп отырған.

Осыдан кейін әйелдер қызды үйіне жеткізіп, егер болған жайды біреуге айтатын болса, түсірілген видеоны оның таныстарына тарататынын айтып қорқытқан. Бастапқыда қорыққан жасөспірім оқиғаның жай-жапсарын жасырып, тек таяқ жегенін ғана айтқанымен, кейін басынан өткен жайттардың бәрін анасына жеткізген. Сол күні жәбірленушінің анасы полицияға арыз жазған.

Войдите, чтобы оставить комментарий