Әйел 2,5 жастағы қызына күйеуі азғындық жасады деп айыптады
Әлеуметтік желілерде жас ананың жазбасы кең тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол 2,5 жастағы қызына әкесі жыныстық сипаттағы әрекет жасаған болуы мүмкін екенін айтып, көмек сұраған.
Бұл жағдай туралы алғаш болып заңгер жазба жариялаған. Оның айтуынша, әйел оған жүгініп, баласына қатысты күдікті жағдайлар туралы айтып берген.
Анасының сөзінше, бәрі қызын шомылдырған кезде басталған. Бала ваннада отырғанда жыныс мүшесін ұстап, біртүрлі әрекет жасаған. Анасы оған бұлай жасауға болмайтынын айтқанмен, түнде ұйықтар алдында бала тағы сол жерін ұстай берген. Алғашында әйел қатты мән бермеген.
Ертеңіне де бүлдіршін сол әрекетті қайталаған. Сол кезде анасы қызына бұл әрекетті кім үйреткенін сұраған. Бала «папа үйретті» деп жауап берген. Алғашында әйел қызым дұрыс түсінбеген шығар деп ойлағанын айтады.
Алайда келесі күндері баланың айтқан сөздері анасының күдігін күшейткен. Қыз әкесімен байланысты түсініксіз жағдайларды айтып берген. Осыдан кейін анасы оқуға кетерде баласын әкесінің қасында қалдырмай, өз анасына апарып тастаған.
Бірнеше күннен соң анасы қызынан тағы сұрағанда, бұлдіршін әкесі оған шалбарынан "құрт" көрсеткенін, саусағын жыныс мүшесіне тыққанын, бетін "кірлеткенін" айтқан. Кейін дәретханада отырғызған кезде қыз жылап, жыныс мүшесінің ауырғанын айтып шағымданған.
Осыдан кейін әйел полицияға жүгінгенін айтады. Анасына тергеу кезінде бейнежазба жасауға рұқсат берілмеген.
Аталған жағдай қоғамда талқылана бастағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
Ведомстволың мәліметінше, Өскемен қаласының тұрғынының арызы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Аталған жарияланымға байланысты Өскемен қалалық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Последние новости