29 перзентханада санитарлық талап сақталмаған: Министрлік тексеріс жүргізді

09.09.2026 20:36 Қарақат АСЫЛОВА
29 перзентханада санитарлық талап сақталмаған: Министрлік тексеріс жүргізді
190
Фото: NUR.kz

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі елдегі перинаталдық орталықтар мен босану бөлімдеріне тексеру жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Нәтижесінде 29 медициналық ұйымнан дезинфекция және стерилизация талаптарының бұзылғаны анықталды.

Тексеру 84 ұйымның 82-сін қамтыды. Оның ішінде 35 перинаталдық орталық және 47 босану бөлімі бар.

Мамандар медициналық құрал-жабдықтарды зарарсыздандыру тәртібін, дезинфекция жұмыстарының жүргізілуін, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайын тексерді. Сонымен қатар инфекцияларды дер кезінде анықтау және медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау қызметінің жұмысына назар аударылды.

Тексеру барысында тек құжаттар қаралып қана қоймай, медициналық ұйымдарда зертханалық зерттеулер де жүргізілген. Бұл босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетілетін нақты жағдайды бағалауға мүмкіндік берген.

Тексеру қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі 81 санитариялық нұсқама берген. Ал 29 медициналық ұйымнан дезинфекциялық-стерилизациялық режимге қатысты талап бұзушылықтары табылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына анықталған кемшіліктердің жойылуын ай сайын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ медициналық ғимараттар мен жабдықтарды санитариялық талаптарға сәйкестендіріп, инфекциялық бақылау қызметтерін күшейту және инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңарту міндеттелді.

«Бір айдан кейін қайта келіп, нақты нәтиже көруіміз керек. Егер кемшілік анықталса, ол міндетті түрде жойылуы тиіс. Пациент қауіпсіздігі есеппен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайымен расталуы керек», – деді Сұлтанғазиев.

Министрлік келесі кезекте балалар ауруханаларын тексеруді жоспарлап отыр. Одан кейін тексеру емханалар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін басқа да ұйымдарға жүргізіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий