2GIS ресейлік кәсіпкердің Алматыдағы "Тануки" мейрамханаларына қатысты шағымдарды неге жасыруда?
Алматыдағы "Тануки" мейрамханаларына қатысты дау өршіп тұр. Біздің оқырмандарымыз әлеуметтік желіде бұл мейрамханалар желісіне 2GIS платформасы арқылы пікір қалдыру мүмкіндігі жоғалып кеткенін хабарлап отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ, EGOV.PRESS арнасына сілтеме жасап.
Бұл мәселе "Тануки" мейрамханаларының мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуі туралы жаңалықтан кейін пайда болды. Желі қолданушыларының пікірінше, бұл өзгеріс Ресейлік кәсіпкер, "Тануки" желісінің иесі Александр Орловтың ықпалымен болуы мүмкін. Орлов Ресейде ірі алаяқтыққа қатысы бар деп айыпталып, іздеуде жүрген тұлға.
Айта кету керек, 2GIS платформасының иелері де Ресей азаматтары. Бұл жағдай Қазақстандағы тұтынушылардың құқықтары мен мемлекеттік тілдің қолданылуын шектеу мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.
Қоғам мүшелері бұл әрекетті "халықтың үнін өшіру" деп бағалап, әділдік талап етуде. "Пікір қалдыруға тыйым салу – сыннан қашудың тәсілі ме?" деген сауал әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.