Үш жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын жәрдемақы төленетін болды

09.03.2026 10:12 Мөлдір Талғат
Үш жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын жәрдемақы төленетін болды
761
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстанда 3 жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тиісті жарлыққа қол қойған. Президенттің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, жаңа әлеуметтік төлем «Бала ырысы» деп аталады және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап беріле бастайды.

Жаңа жүйе бойынша жәрдемақы әр балаға отбасының табыс деңгейіне қарамастан төленеді. Ай сайынғы төлем мөлшері – 1200 сом, бұл шамамен 6780 теңгеге тең.

Садыр Жапаровтың айтуынша, бұл шешім азаматтардың көп өтінішінен кейін қабылданған. Президент баланың өмірінің алғашқы жылдары оның физикалық әрі зияткерлік дамуы үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет осы уақытта отбасыларға қолдау көрсетуді күшейтуді жөн көрген.

Мемлекет басшысы қазіргі жәрдемақы жүйесіне қатысты шағымдардың көп екенін де айтты. Оның сөзінше, көптеген аналар әлеуметтік төлем алу барысында күрделі бюрократиялық рәсімдерге тап болады.

Сондай-ақ президент кейбір ауқатты отбасылар да бұл төлемді алуы мүмкін екенін жасырмады. Алайда соның есесіне мұқтаж бірде-бір бала көмексіз қалмауы маңызды екенін атап өтті.

Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, елде 3 жасқа дейінгі шамамен 445 мың бала бар. Жаңа жәрдемақы осы санаттағы барлық балаға арналған әлеуметтік қолдау ретінде енгізіліп отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий