“Ол ешқашан айтпай кетпейтін”: Жұмбақ жағдайда көз жұмған Ерзаттың әйелі мән-жайды айтып берді

26.05.2026 16:08 Мөлдір Қайнар
“Ол ешқашан айтпай кетпейтін”: Жұмбақ жағдайда көз жұмған Ерзаттың әйелі мән-жайды айтып берді
172
Фото: туыстарынан

25 жастағы Ерзат Егізбай 19 мамыр күні жұмысқа шығып, сол күйі із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал 23 мамыр кешінде оның денесі Алматы маңындағы өзеннен табылды. Қара жамылған отбасы жігіттің өліміне қатысты күмән көп екенін айтып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Ерзат құрылыс компаниясында геодезист болып жұмыс істеген. Жұбайының айтуынша, ол ешқашан ескертусіз бір жаққа кетпейтін адам болған.

“Соңғы рет сағат 13:30-да сөйлестік. Үнемі хабарласып отыратынбыз. Ол қайда баратынын міндетті түрде айтып кететін. Сол күні ештеңе демеді”, – дейді Шұғыла.

Кешкі сағат бестен кейін Ерзаттың телефонына жіберілген хабарламалар жетпеген. Ал сағат 19:00 шамасында бастығы оның дүкенге сұранып кеикеннен, жұмысқа қайта оралмағанын айтып хабарласқан. Осыдан кейін туыстары іздеуге кіріскен.

Марқұмның жары полиция іздеуді бірден бастамағанын айтады. Оның сөзінше, алғашқы күндері Ерзатты ағасы, достары мен еріктілер өз күштерімен іздеген.

“22 мамыр күні ғана кинологпен іздейміз деді. Бірақ денесін балықшылар тауып алды. Бізбен бірге еріктілер де іздеді”, – дейді ол.

Камера жазбалары арқылы Ерзаттың Космос ауылы бағытына барғаны анықталған. Видеода оның телефонмен сөйлесіп, біреуді іздеп жүргендей алаңдап жүргені байқалады.

Туыстарының айтуынша, Ерзаттың денесі өзеннен табылған. Олар мұны суицид нұсқасымен байланыстырмайды.

“Ерзат жүзуді жақсы білетін. Ол өзіне қол жұмсайтындай адам емес еді. Біреу алдап шақырған сияқты. Денесінде айқын жарақат болмағанымен, біз бұған сенбей отырмыз”, – дейді Шұғыла.

Отбасының күдігін күшейткен тағы бір жайт – Ерзаттың телефонындағы 19 мамыр күнгі қоңыраулардың шифрланып кетуі.

“Қоңыраулардың бәрі кодталған деді. Мұны өзі істемейді ғой. Біреу әдейі жасаған сияқты. Біз бұл істің “суицид” деген желеумен жабылып қалғанын қаламаймыз”, – дейді марқұмның жары.

Ерзат пен Шұғыла 2025 жылдың қарашасында ғана шаңырақ көтерген. Жас отбасы жақында ғана сәби күтіп жүргендерін білген.

“Өте сабырлы, ешкіммен ұрыспайтын адам еді. Бәрін ақылмен шешетін. Алда жоспарымыз көп болатын”, – дейді көзіне жас алған Шұғыла.

Войдите, чтобы оставить комментарий