Базарда жоғалған әйел өз анасының үйінен небәрі 100 метр жерде тұрып келген

15.07.2026 21:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
Базарда жоғалған әйел өз анасының үйінен небәрі 100 метр жерде тұрып келген
91
Фото: ettoday.net

Қытайда Цуй Нин есімді әйел адам көптеген жылдар бойы туған ата-анасының үйінен небәрі 100 метрдей жерде тұрып келген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Mothership басылымы жазды.

Қазір жасы 37-ге келген Цуй Нин 1991 жылы Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы Наньнин қаласының базарында жоғалып кеткен. Сол тұста оның отбасы базар маңынан пәтер жалдап тұратын, ал әкесі саудамен айналысатын. Оқиға болған күні әкесі екі жасар қызының қолына тиын-тебен ұстатып, іргедегі дүкеннен бөлке нан сатып алуға жұмсайды. Алайда кішкентай қыз жолдан адасып, көшенің келесі бетіндегі үлкен көтерме сауда базарына өтіп кетеді.

Иен базарда жалғыз қалған бүлдіршінді сол жердегі саудагер әйел байқап қалады. Баланың адасып жүргенін түсінген ол дауыс күшейткіш арқылы ата-анасын іздестіргенімен, ешкім хабарласа қоймайды. Амалы таусылған әйел кішкентай Цуйді үйіне алып кетіп, өз баласындай бағып-қағады.

Қыздың туған әке-шешесі тағы бірнеше жыл бойы осы Наньнинде қалып, сол базарда жұмыс істеп, іргелес көшеде тұрған. Қызын іздеумен өмірін өткізген әкенің арманы орындалмай, осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Кейіннен асырап алған отбасымен бірге Дэбао аймағына көшіп кеткен Цуй туған бауырларын жақында ғана тапты. Шілденің 7-сі күні ол жоғалған туыстарды іздеуге арналған арнайы қызметке тіркеліп, арада бірнеше сағат өткенде оған өз әпкесі хабарласқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий