3,7 млрд шығын: Қазақстанда банк қызметкерлері қатысқан қылмыстық топ ұсталды

3,7 млрд шығын: Қазақстанда банк қызметкерлері қатысқан қылмыстық топ ұсталды
02.09.2025 13:42
0
193
Сурет: google.com

Ақмола облысында ірі алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік осал азаматтардың атына ірі көлемде несие рәсімдеп келген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты істің тергеуін аяқтады. Бұл іс бойынша 348 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгені құраған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топтың құрамында еліміздің әр өңірінен жиналған 25 адам болған. Олардың арасында бірқатар екінші деңгейлі банктердің («Kaspi Bank», «Forte Bank», «Еуразиялық Банк», «Jusan bank») қызметкерлері де бар. Топ мүшелері бес жылдан астам уақыт бойы азаматтарды алдау арқылы олардың атына ірі банктік несиелер рәсімдеумен айналысқан.

Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүліктер анықталды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат көліктер және ірі көлемдегі қолма-қол ақша бар. Тәркіленген мүліктің жалпы құны 2,7 млрд теңгеге бағаланды.

Қазіргі уақытта топтың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий