37 жастағы ер адамды есінен танғанша ұрған: Семейдегі клуб дауға қалды

30.08.2026 09:23 Қарақат АСЫЛОВА
37 жастағы ер адамды есінен танғанша ұрған: Семейдегі клуб дауға қалды
361
Видеодан кадр

Семейдегі түнгі клубтардың бірінде 37 жастағы Астана тұрғыны соққыға жығылып, есінен танып қалған, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 22 тамыз күні таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Полицияның мәліметінше, ер адамды би алаңында белгісіз азамат ұрған. Соққыдан кейін ол құлап, біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Жәбірленушіге сол жерде болған келушілер көмектескен. Құқық қорғау органдарының айтуынша, клуб әкімшілігі полиция мен жедел жәрдемді дер кезінде шақырмаған.

Оқиғадан кейін клуб өкілдері полиция әрекетіне наразылық білдірген. Олардың сөзінше, құқық қорғау органдарының шараларына байланысты мекеме жұмысын жалғастыра алмаған. Қызметкерлердің бір бөлігі жауап алу үшін шақырылған, ал қызметкерлердің бірінің денсаулығы нашарлаған.

Клуб ұжымы Бас прокуратураға жүгініп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізуді сұраған.

Ал Абай облысының полиция департаменті мекеменің жұмысы толық тоқтатылмағанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, бұзақылық дерегі бойынша қылмыс болған жер ғана мөрленген.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары клуб ішінде тұрақты лицензияланған күзет қызметі жоқ екенін атап өтті. Жыл басынан бері аталған жерде құқық бұзушылық бойынша 15 хабарлама тіркелген. Бұдан бөлек, екі топтық төбелеске қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүріп жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий