7 қыркүйекте елдің көп өңірінде ауа райы бұзылады

07.09.2026 05:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
7 қыркүйекте елдің көп өңірінде ауа райы бұзылады
315
Фото: magnific.com

Қазақстанның батыс өңірлерінде 7 қыркүйек күні қатты жаңбыр жауып, бұршақ түседі. Елдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, күздің алғашқы аптасында бірқатар аймақта ауа райы күрт бұзылады. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындарына дауылды ескерту жарияланды. Мамандардың болжауынша, бұл өңірлерде найзағай жарқылдап, қатты жауын-шашын болады.

Ақтөбе облысында күн қатты ысиды. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан мен Қызылорда облыстарында шаңды дауыл көтерілуі ықтимал.

Синоптиктердің дерегіне сүйенсек, аймақтардағы нақты жағдай мынадай:

Батыс Қазақстан облысы: Түнде батыс пен солтүстікте кей уақытта қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз найзағай жарқылдап, осы аудандарда бұршақ түседі және дауыл соғады. Батыс, солтүстік, шығыс аудандарда жел екпіні 15-20 м/с болады.

Маңғыстау облысы: Күндіз батыс, оңтүстік және орталықта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыста бұршақ түсіп, дауыл тұрады. Жел екпіні 23 м/с жетуі мүмкін. Түнде және таңертең батыста тұман түседі.

Атырау облысы: Түнде батыста аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда жаңбыр, дауыл мен бұршақ күтіледі. Жел жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.

Ақтөбе облысы: Күндіз батыс, солтүстік және шығыста жел 15-20 м/с күшейеді.

Қостанай облысы: Күндіз батыс пен солтүстікте жел екпіні 15-20 м/с болады.

Солтүстік Қазақстан облысы: Күндіз батыста жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Қарағанды облысы: Күндіз шығыс пен оңтүстікте жел 15-20 м/с жетеді.

Ұлытау облысы: Күндіз батыс, солтүстік және оңтүстікте жел 15-20 м/с күшейеді.

Қызылорда облысы: Орталық пен солтүстікте шаңды дауыл көтеріліп, жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Түркістан облысы: Батыс пен солтүстікте шаңды дауыл көтеріледі. Батыс, солтүстік, таулы және тау бөктерлі аудандарда жел 15-20 м/с болады. Оңтүстік пен таулы аймақтарда өткінші жаңбыр жауады.

Жамбыл облысы: Оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және таулы аймақтарда жел 15-20 м/с жетеді.

Жетісу облысы: Күндіз Алакөл көлдері ауданында жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Ел аумағындағы өрт қаупіне қатысты жағдай да күрделі. Ведомство мәліметіне қарағанда, Шымкент қаласы мен Ұлытау, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарында төтенше өрт қаупі толық сақталады.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының басым бөлігінде де өрт шығу қаупі өте жоғары. Қостанай облысының оңтүстігі мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы және орталығында төтенше өрт қаупі бар. Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында 7-9 қыркүйек аралығында осындай жағдай күтіледі.

Бірқатар өңірде жоғары өрт қаупі тіркелді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстанның оңтүстігі мен шығысы, Ақмола облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігі бар. Тәуекел аймағына Павлодардың солтүстігі мен оңтүстігі, Шығыс Қазақстанның оңтүстік-шығысы кіреді. Абай облысының солтүстік-батысы мен оңтүстігі, Қарағанды облысының солтүстігі мен орталығы да осы тізімде.

Батыс Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Бұл қатарға Қостанайдың солтүстік-батысы, Ақтөбенің солтүстік-шығысы мен солтүстік-батысы қосылды. Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік аудандарында да өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий