Air Astana-дан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырғандарға қатысты соңғы шешім шықты

18.07.2026 15:12 Қарақат АСЫЛОВА
Air Astana-дан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырғандарға қатысты соңғы шешім шықты
202
Фото:Forbes Kazakhstan

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Air Astana әуе компаниясынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырған азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның екі сыбайласы 8 жыл 6 ай мерзімге сотталған. Сонымен қатар олардың мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салынды.

Апелляциялық сот қорғаушы тараптың шағымдарын қарап шыққанымен, бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды әрі негізді деп танып, өзгеріс енгізген жоқ.

Сондай-ақ сот Air Astana компаниясының 1 миллиард теңгеден асатын азаматтық талап-арызын толық қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген материалдық шығынды өтеуге жұмсалады.

Еске салайық, бұған дейін компанияда жүргізілген аудит барысында кейінгі үш жыл ішінде 1 млрд 54 млн 740 мың теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталған. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер әуе билеттерін брондау жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізіп, сеніп тапсырылған қаражатты иемдену арқылы қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Осыдан кейін әуе компаниясы құқық қорғау органдарына жүгінген.

Войдите, чтобы оставить комментарий