"Әкесіз өскенің қандай жақсы". Наргиз Алтайбай өзін жылатқандар туралы айтты
KeshYou тобының бұрынғы солисі Наргиз Алтайбай әлеуметтік желідегі кибербуллинг пен жеке басына бағытталған негативті пікірлерге қатысты ой бөлісті. Өнер иесі шоу-бизнес өкілдері кездесетін психологиялық қысым, оған қарсы иммунитет қалыптастыру жолдары және өзінің басынан өткен ауыр жағдайлар туралы баяндап берді. Әншінің айтуынша, коментарийдегі сыни пікірлер кейде өнердегі төзімділікті шыңдауға ықпал етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Наргиз Алтайбай «Кездесу» бағдарламасында айтып берді.
«Мысалы, біз «Ұят емес» әнімен шыққан кезде ұнатушыларға қарағанда ұнатпағандар көп болды. Сол кезде көңіл-күйіміз түсіп, жылап, ұрсысып, жауап қайтарғымыз келетін. Ал продюсеріміз: «Тоқтаңдар, жазбаңдар!» — деп тоқтататын. Кейін бұл нәрсеге де үйреніп кеттік. Өнерде хейт болады, ол — қалыпты нәрсе. Бұл құбылыс сендердің иммунитеттеріңді көтереді: шығармашылыққа, өнерге, сахнаға деген төзімділіктеріңді арттырады...» — деді әнші.
Топтағы шығармашылығынан бөлек, әнші актрисалық қырынан танылған «Рауза» сериалының түсірілімінен кейін де үлкен дауға тап болған. Жоба эфирге шыққан соң желі қолданушылары тарапынан түрлі пікір айтылып, соның ішінде белгісіз қолданушылардан жеке парақшасына ауыр сөздер жазыла бастаған.
«Өзімнің жеке басыма тиген, есте қалған бір жағдай бар... Ол топқа қатысты емес, «Рауза» сериалына түскен кез еді. Сол кезде маған жеке парақшама аты-жөні белгісіз бір қолданушы жазды. Содан қатты жылағаным бар. Кейін бұл жағдайды ұмытуға тырыстым. Өйткені ол сериалдан кейін өздеріңіз білесіздер: көптеген шу, түсініспеушіліктер мен дау-дамай туындады», — деді Наргзи Алтайбай.
Әншінің айтуынша, ең ауыр тиген хат — оның отбасылық жағдайы мен әкесіз өскендігіне қатысты айтылған пікір болған. Аталған жазба оның жүрегіне қатты батқанымен, ол ашуға берілмей, жауап жазбауды жөн көрген. Сонымен қатар, Наргиз мұндай осал тұсқа соққы беретін сөздерді сырттағы бейтаныс адам емес, өз ортасынан шыққан жақын адамы жазуы мүмкін деген күдігін де жасырмады.
«Сол кезде бір адам маған: «Сенің әкесіз өскен қыз екенің көрініп тұр. Әкесіз өскенің қандай жақсы, әкең болғанда сен сияқты қызы үшін ұяттан өліп кетер еді», — деген сияқты мағынада хат жазып жіберді. Нақты сөздері есімде жоқ. Сол кезде бұл сөздер көңіліме қатты тиіп, жылап қалдым. Жауап қайтарғым келіп, қолым қышып тұрса да, жазған жоқпын. «Маған оның деңгейіне түсудің керегі жоқ» деп ойладым... Ең бастысы, мен өзімнің қандай адам екенімді білемін ғой. Содан кейін оны жай ғана бұғаттап тастадым, болды. Мүмкін ол мені танитын адам шығар. Өйткені көшедегі танымайтын адам дәл олай жазбас еді... Жай ғана сырттай: «Сен дарынсызсың, даусың жоқ» деп, түріңе немесе бойыңа тиісуі мүмкін... Ал мұндай осал жерден ұруды — дұрыс айтасың — тек жақын адам жасауы мүмкін. Маған сол кезде: «Мүмкін бұл — мені танитын, әлеуметтік желіде отырған менің ішкі жауым шығар, мені көре алмайтын немесе жақтырмайтын біреу ме екен...» деген ой келді. Өзінен-өзі жек көретін адамдар болады ғой, сөйтіп жазған болуы да мүмкін», — деді жұлдыз.
Соңғы жаңалықтар