"Әкім балам деп мақтанатынмын". Ұстаз Меркіде көз жұмған Мәдинаның күйеуі туралы айтты

28.08.2026 14:19 Томирис САҒЫНДЫҚ
94
Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Бастауыш сынып мұғалімі Күләш Даниярова өзінің бұрынғы оқушысы Меркіде көз жұмған Мәдина Рашидқызының жұбайы — Мадиярдың мектеп қабырғасындағы мінез-құлқы мен кейінгі өзгерістері туралы пікір білдірді. Ұстаздың айтуынша, ол бала кезінен тәртіптілігімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ұстаз Kursiv Media порталына берген сұқбатында әңгімеледі. 

Ұстаз оқушысының бастауыш сыныптағы үлгерімі мен қатарластары арасындағы қарым-қатынасына тоқталып өтті.

«Мен — Мадиярға бастауыш сыныпта сабақ берген мұғалімімін. Мен білетін Мадияр өте салмақты, тап-таза, жинақы жүретін бала болатын. Оқуды жақсы оқыды, қоғамдық жұмыстарға өте белсенді қатысатын. «Мадиярдан таяқ жедік» деген баланы да, «шашымды тартты» деген қызды көрмедім. Менің есімде қалған Мадияр — осындай бала», — деді Күләш Даниярова.

Сонымен қатар Күләш Даниярова уақыт өте келе адам болмысының өзгеруі заңдылық екенін тілге тиек етіп, оқушысының бүгінгі күнге дейінгі сыпайылығын атап өтті.

«Одан бері талай уақыт өтті ғой... Өмірде жақсылық та, жамандық та, таршылық пен молшылық та болады. Өмір адамды өзгертеді, сондықтан оның қазіргі мінезі мен өмірі туралы кесіп айта алмаймын. Десе де, көрген жерде сәлемі түзу, әр өтіп бара жатқанда амандасып тұрады. Оны көргенде іштей: «Е-е, бұл баяғы қызыл галстугін тағып жүретін әкім балам ғой», — деп мақтанып қоямын», — деді ұстаз.

Мұғалім оның бойындағы көшбасшылық қасиеттері мен еңбекқорлығына баға беріп, отбасылық қарым-қатынасы жөнінде де пікірін білдірді.

«Әлі де еңбекқор, әлі де тынымсыз жұмыс істеп жүр. Ол бала кезінен өмірге құштар, еңбекке ашық, өзінше басқару қабілеті бар болып өсті. Сондайда әзілдеп: «Е-е, бүгін әкім келіп қалыпты ғой сабаққа?» — деп те айтып қоятын едім. Ал оның үйленгеніне келер болсақ, біз етене араласа алмадық, өйткені жақын ағайын емеспіз, бізге алыстау. Соған байланысты тойында болмадық», — деп қосты Күләш Даниярқызы.

Войдите, чтобы оставить комментарий