Әкімдік әлеуметтік желідегі агрессияны бақылауға көшті

Астана 16 миллион теңгеге медиамониторинг қызметін сатып алды
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі 55 мыңнан астам ақпарат көзін бақылауға арналған келісімшарт жасады. Бұл мониторинг тек бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді қамтып қоймай, билікке бағытталған агрессивті пікірлерді анықтауға және олардың авторлары туралы мәліметтерді жүйелеуге де бағытталған.
Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған дерекке сәйкес, биылғы 31 наурызда Астана қаласының Коммуникациялар қызметі медиамониторинг қызметін сатып алу туралы келісім жасасқан. Қызмет құны — 15 959 000 теңге. Бастапқы жоспарланған сома 15 959 821 теңге болған. Тендерге алты қатысушы ұсыныс беріп, жеңімпаз болып "Кұдайбергенов М.С." атты жеке кәсіпкер танылды.
Техникалық сипаттамаға сай, қызмет жеткізуші тәулік бойы 55 мыңнан астам ақпарат көзін бақылауға міндетті. Оған төмендегілер кіреді:
- Әлеуметтік желілер: Facebook, Instagram, Twitter, ВКонтакте, Одноклассники, YouTube, Telegram, сондай-ақ сирек қолданылатын MyCircle, GooglePlus;
- Интернет-БАҚ: отандық және шетелдік агенттіктер мен жаңалықтар сайттары;
- Блогтар, форумдар, шағым және пікір алаңдары;
- Баспа басылымдары — олардың цифрлық мұрағаттары арқылы.
Жүйе нақты уақытта жарияланымдарды бақылап, деректерді автордың жынысы, жасы, географиясы және басқа да сипаттамалары бойынша сүзуге мүмкіндік беруі керек. Барлық ақпарат метадеректермен (оқырман саны, лайк, пікір, репост т.б.) бірге жиналып, мұрағатталады және автоматты түрде талданады.
Мониторингтің ең қызықты және даулы бөлігі - жазбалардың эмоционалды реңін бағалау. Әрбір жазба "агрессия" немесе "күшті агрессия" санатына жатқызылып, арнайы белгіленіп, ай сайынғы есептерде көрсетіледі. Бұдан бөлек, жазба авторы туралы ақпарат (жынысы, жасы, тұратын аймағы, жазылушылар саны, ықпал деңгейі) да тапсырыс берушіге берілуі тиіс.
Тапсырыс беруші компаниядан әлеуметтік желілердегі суреттерден мәтін тану технологиясын қолдану талап етілген. Бұл құпия ақпараттың таралуын, жарнаманы, мемдерді немесе ішкі мазмұнның сыртқа шығуын анықтауға бағытталған.
Сондай-ақ, "корпоративтік дағдарыстар детекторы" атты құрал арқылы қоғамда резонанс тудырмас бұрын ақпараттық толқындарды анықтау қарастырылған. Мысалы, шағымдардың көбеюі, даулы жаңалықтар немесе PR-кризис жайлы мәліметтер осылайша ерте кезеңде анықталуы мүмкін.
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі - Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қалалық бөлімшесі. Ол мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Қызметтің негізгі міндеті — баспасөз конференцияларын, брифингтер мен қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру, сонымен қатар ақпараттық саясатқа қатысты талдамалық материалдар дайындау.
Дереккөз: factcheck.kz
Соңғы жаңалықтар




