Алаяқтар студенттердің атынан банкте виртуалды карталар ашқан

13.11.2025 14:31 Арман Ермеков
Алаяқтар студенттердің атынан банкте виртуалды карталар ашқан
0
49
Фото: gov.kz

Әлеуметтік желіде колледж студенттерінің видеоүндеуі тарады. Олар алаяқтардың Home Credit Bank-тен өздерінің атынан виртуалды карталар ашқанын айтып, көмек сұрауда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Зардап шеккендердің сөзінше, олар бұл карталар туралы мүлдем білмеген және аталған банктің қызметін ешқашан пайдаланбаған. Кейіннен белгілі болғандай, ол карталар арқылы ірі көлемде ақша аударымдары жасалып отырған.

Студенттер бұл мәселе бойынша дереу АІІБ-ға, прокуратураға және алаяқтықпен күрес департаментіне шағым түсірген. Алайда, құзырлы органдар оларға ешқандай шығын келтірілмеген деген уәжбен істі қабылдаудан бас тартқан.

Енді бұл жағдайдың соңы үлкен дауға ұласып, студенттерден сол ақшаны талап ете бастаған. Айтылып отырған сомалар да қомақты: 4,5 миллион, 7,5 миллион, тіпті 13 миллион теңге.

Қыздар виртуалды карталарды жауып, күмәнді аударымдарды тоқтату үшін Home Credit Bank-тің өзіне де жүгінген. Зардап шеккендердің айтуынша, банк қызметкерлері олардан сол картадан 300 теңге шешіп алуды сұраған.

Қазіргі уақытта сот талқылауы жүріп жатыр және сол қомақты қаражатты студенттерден өндіріп алу көзделген. Алайда, қыздар бұл ақшаға мүлдем қатыстары жоғын кесіп айтады.

«Біздің бұл виртуалды карталарға да, сол ақшаларға да еш қатысымыз жоқ. Біздің атымызға ашылған карталарда біздің мекенжайымыз да, телефон нөмірлеріміз де көрсетілмеген. Олар мүлдем басқа қалаларда тіркелген, біз ол жақта тіпті болған емеспіз. Қолымызда дәлелдеріміз өте көп», — дейді зардап шеккендер.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий