«Әлемдік бағаға қарап отыра беруге болмайды»: Экономист Қазақстандағы мыс өңдеудің жаңа тәртібін түсіндірді

«Әлемдік бағаға қарап отыра беруге болмайды»: Экономист Қазақстандағы мыс өңдеудің жаңа тәртібін түсіндірді
Фото: istockphoto.com

Әлемде мыс қымбаттап жатқанымен, оны өңдейтін зауыттардың жағдайы мәз емес. Кейбір кәсіпорындар өндірісті қысқартуды ойластыра бастаған. Дәл осындай кезеңде Қазақстан мыс концентратын өңдеу құнын есептеудің жаңа тәртібін қабылдады. Экономист Юрий Масанов бұл шешімнің отандық металлургия үшін неге маңызды екенін Facebook парақшасында түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Масановтың жазуынша, Қазақстанның Өнеркәсіп министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесі қабылданғанын хабарлаған. Бұл шешім әлемдік мыс нарығында үлкен өзгерістер болып жатқан тұста қабылданып отыр. Мәселе тек металдың бағасында емес, оны өңдеу ақысының қалай белгіленетінінде де болып тұр.

Экономист биыл әлемдік нарықта бұрын-соңды болмаған жағдай қалыптасқанын атап өтті. Мыс концентратын өңдеу үшін төленетін жылдық ақы алғаш рет нөлге дейін түскен. Ал қысқа мерзімді келісімдердегі баға тіпті теріс мәнге өткен.

Бұл зауыттар мысты тегін өңдейді деген сөз емес. Керісінше, өңдеу ақысы кәсіпорындардың нақты шығынын өтемейтін жағдай туындаған.

«Қазір әлемде мыс қымбат күйінде қалып отыр. Бірақ оны өңдеу ақысының қалай есептелетіні қайта қаралып жатыр. Металлургиялық кәсіпорындар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр. Қазақстан дәл осындай кезеңде мыс өңдеу құнын есептеудің өз тәртібін бекітті», – деп жазды Юрий Масанов.

Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы жағдайдың алдағы уақытта қалай өзгеретіні де белгісіз.

Мәселен, Швейцарияның UBS инвестициялық банкі мыс тапшылығы туындап, оның бағасы одан әрі өседі деп болжап отыр. Ал Халықаралық мыс зерттеу тобы 2027 жылы тазартылған мыс ұсынысы сұраныстан асып түседі деген пікірде.

Мұндай белгісіздік зауыттардың жұмысына да әсер ете бастаған. Экономистің келтірген мәліметінше, 19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы өңдеу жағдайының қолайсыздығына байланысты мыс концентратын сатып алу көлемі мен өндіріс жоспарын қайта қарауы мүмкін екенін хабарлаған.

Әлемдік нарыққа қатысушылар 2027 жылғы келісімдерде өңдеу ақысын белгілеудің жаңа жолдарын талқылап жатыр. Атап айтқанда, нарықтағы баға көрсеткіштеріне сүйенетін және бірнеше есептеу тәсілін біріктіретін жүйелер қарастырылуда.

Қазақстан неге өз тәртібін енгізді?

Юрий Масановтың пікірінше, Қазақстан үшін ең басты мәселе – әлемдегі уақытша баға өзгерістеріне тәуелді болып қалмай, өз металлургиясын ұзақ мерзімге дамыту.

Елімізде жаңартуды қажет ететін зауыттар бар. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындар салу жоспарланған. Мұндай жобаларға жүздеген миллиард теңге жұмсалады, ал салынған қаржының қайтуына ондаған жыл кетуі мүмкін.

«Қазақстанға өз металлургиясын әлемдік нарық ірі өндірістік жобалар іске асқанша бірнеше рет өзгеріп үлгеретін жағдайда дамытуға тура келеді. Сондықтан мемлекеттің өңдеу құнын есептеудің өз тетігін қалыптастыруы қисынды деп ойлаймын. Ол әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды ғана емес, отандық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді қажеттіліктерін де ескеруі керек», – дейді экономист.

Жаңа әдістеменің негізгі мақсаты – мыс өңдейтін кәсіпорындардың шығынын есепке алып, олардың жұмысын және болашақ инвестициясын жоспарлауға мүмкіндік беру.

Атап айтқанда, өңдеу құнын есептегенде кәсіпорынның экономикалық тұрғыдан негізделген шығындары, белгіленген мөлшердегі пайдасы және өндірісті дамытуға қажет инвестиция ескеріледі.

Есеп ашық әрі нақты деректерге сүйеніп жасалуға тиіс. Сондай-ақ әдістеме барлық кәсіпорынға бірдей қолданылуы керек.

Масанов мұндай тәртіп зауыттарға алдағы шығынын, өндіріс көлемін және жаңа жабдыққа жұмсалатын қаржыны алдын ала жоспарлауға көмектеседі деп есептейді.

«Бұл нарықтық тетіктерден бас тарту деген сөз емес. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді. Концентрат өндірушілер де, оны өңдеушілер де халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді. Бірақ еліміздің өнеркәсіп саясаты әлемдегі қазіргі тарифтерді сол күйінде қайталаумен шектелмеуі керек. Әсіресе халықаралық нарықтың өзінде баға белгілеу тәртібі өзгеріп жатқанда», – деп түсіндірді ол.

Елімізде тағы екі мыс зауыты салынбақ

Экономист Қазақстанда мыс қоры мол болғанымен, оны өңдейтін өндіріс орындарының дамуы кен өндіру қарқынынан ұзақ уақыт бойы кейін қалып келгенін еске салды.

Қазір жағдай біртіндеп өзгере бастаған. Қазақстанда жылына әрқайсысы 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Екеуінің жалпы қуаты жылына 600 мың тоннаға жетпек.

Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңарту жалғасуда.

Алайда Масанов зауыт салу туралы жариялау жеткіліксіз екенін айтады. Мұндай ауқымды жобаларға жеке инвесторлардың қаржысын тарту үшін олардың қанша пайда әкелетіні және салынған ақшаның қашан қайтатыны түсінікті болуы қажет.

«Жаңа өндірістер салатынымызды жариялау ғана жеткіліксіз. Оларды іске асыру үшін жеке инвестиция тартуға және салынған капиталдың қайтарымын есептеуге мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық жағдай қажет. Сондықтан жаңа тәртіпті металлургияға ұзақ мерзімді инвестиция тартудың маңызды тетігі деп қарастырамын», – деді Юрий Масанов.

Оның сөзінше, шетелдегі кейбір кәсіпорындар өңдеу жағдайының тиімсіздігінен өндірістік қуатын азайтуға немесе жоспарларын өзгертуге мәжбүр болып отыр. Сондықтан Қазақстанға қолданыстағы металлургиялық зауыттарды сақтап қана қоймай, жаңа өндірістерді дамытуға да жағдай жасау маңызды.

«Әлемдік нарық әлі талай өзгереді. Бірақ өз өнеркәсібімізді дамыту үшін шешімді бүгін қабылдау қажет. Қазақстанның жаңа өңдеу өндірістерін дамыту қажеттігін жылдар бойы талқылап қана қоймай, енді оған нақты экономикалық жағдай жасай бастағаны қуантады», – деп түйіндеді экономист.

Осылайша, Масановтың бағалауынша, жаңа әдістеменің маңызы мысты өңдеу ақысының қанша теңге болатынында ғана емес. Ең бастысы, кәсіпорындар мен инвесторлар алдағы ондаған жылға жоспар құра алатындай тұрақты ереже қалыптастыру.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу