Алматы Орталық стадионының директоры қызметінен шеттетілді

Алматы қаласының Орталық стадионының директоры Бауыржан Жұмажанов қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл шешім стадионның батыс секторындағы қардан тазаланбаған орындарға байланысты қабылданды.
Алматы қаласы спорттық нысандар дирекциясы жанкүйерлерден кешірім сұрап: «Орталық стадионның батыс секторының алты қатарында (орындардың 2,7%-ы) қар уақытында тазаланбағаны үшін кешірім өтінеміз. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұл мәселе «Астана» мен «Челси» арасында өткен Конференциялар Лигасының матчында анықталды. Жанкүйерлер әлеуметтік желіде қар басқан орындардың видеоларын бөлісіп, әртүрлі пікірлер қалдырған болатын. Кейбірі жағдайды әзілге айналдырса, басқалары ұйымдастырушылық мәселелерге наразылық білдірді.
Матч нәтижесінде «Астана» командасы 1:3 есебімен ұтылып қалды. Құраманың жалғыз голын 45-минутта хорваттық шабуылшы Марин Томасов соқты. Ал «Челси» турнирдегі жеңіліссіз сериясын жалғастырды.
Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясына жаңа бас хатшы тағайындалды. Бұл қызметті бұған дейін (2008–2012) федерацияны басқарған Саян Хамитжанов атқаратын болды.
Ақпарат nur.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар





