Алматыда әйел аулада босанды
Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде жедел жәрдем көлігі көлік кептелісінен өте алмай, дәрігерлер әйелді аулада босандырып алды, деп хабарлайды Politico.kz.
kris_p_almata парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, оқиға Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағын ауданында орналасқан «Ұлытау» тұрғын үй кешенінде болған. Куәгерлердің айтуынша аула толықтай көліктерге толы болғандықтан, жедел жәрдем шақыру орнына уақытылы жете алмай, жүкті әйел далада босануға мәжбүр болған.
Тұрғындар бұл мәселенің жүйелі сипат алғанын және құрылыс компаниясы жеткілікті тұрақ орнын қарастырмағанын жеткізді. Олардың сөзіне қарағанда ауданның үздіксіз салынып жатқаны жағдайды қиындатып, көлікке лық толы аулалар тек жедел жәрдем емес, басқа да шұғыл қызмет техникасының өтуіне кедергі келтіреді.
"Біз пәтерлерді ипотекаға алдық, бірақ күн сайын автотұрақ тапшылығымен бетпе-бет келеміз, сондықтан мұндай жағдайлар қайғылы оқиғаға әкелмес бұрын қала билігі мен жауапты органдардан осы мәселеге назар аударуын сұраймыз", — деді тұрғындар.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шұғыл шақыру таңғы 06.21-де түсіп, медициналық бригада оқиға орнына 06.31-де жеткенін мәлімдеді.
"Дәрігерлер келген кезде әйелдің толғағы әбден қысып тұрған, салмағы 3370 грамм болатын қыз бала жедел жәрдем бригадасының зембілінде дүниеге келіп, бірден жылады", — деді басқармадан.
Ведомствоның мәліметінше қиын жағдайға қарамастан медицина қызметкерлері босану процесін жедел қабылдап, ана мен жаңа туған нәрестеге қажетті көмек көрсеткеннен кейін оларды қалалық перинаталдық орталыққа жеткізген. Қазіргі уақытта ана мен баланың жағдайы тұрақты, олар өздерін жақсы сезініп, мамандардың бақылауында жатыр.
Соңғы жаңалықтар