Алматыда “әйелдерімен” жүрген ер адам видеосынан кейін полиция тексеріс жүргізді (ВИДЕО)
Алматыда әлеуметтік желіде тараған ер адам мен бет-жүзін толық жапқан әйелдерге қатысты видеоның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Желіде бірнеше әйелмен бірге қоғамдық орында жүрген ер адамның видеосы қызу талқыға түскен еді. Кадрларда әйелдердің беті толық жабық болғандықтан, көпшілік оларды ер адамның “әйелдері” деп болжаған. Видео жасырын түрде түсірілгендей әсер қалдырған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл ролик әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықталып, тексерілген. Нәтижесінде видеоның шынайы оқиға емес, жарнамалық мақсатта түсірілген қойылым екені белгілі болды.
“Аталған видео коммерциялық түсірілім аясында дайындалған, яғни қойылымдық сипатқа ие”, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары кейбір қатысушылардың әрекеттерінен әкімшілік құқықбұзушылық белгілері байқалғанын атап өтті. Атап айтқанда, қоғамдық орында адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім кию мәселесіне назар аударылған.
Тексеру қорытындысы бойынша, қатысушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ескерту жасалған. Сондай-ақ профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар