Алматыда белсенді Айжан Мамешова қамауға алынды

Кеше, 3 қыркүйекте Алматыда белсенді Айжан Мамешованы полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Оның адвокаты Ерлан Қалиевтің хабарлауынша, белсенді 48 сағатқа қамауға алынған.
Белсендінің ұсталуы «Жанұя» балалар үйіндегі заң бұзушылықтар туралы сәуір айында Facebook-та жарияланған жазбасына қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты екені хабарланды. Сол жазбада Мамешова және басқа да белсенділер тәрбиеленушілердің мүлкін заңсыз иемдену, мүгедектігі бар балаларды жәрдемақыдан айыру және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын тергеудегі полицияның әрекетсіздігі туралы мәлімдеген болатын.
Осы жарияланымнан кейін полиция «Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғаған. Адвокат Ерлан Қалиевтің айтуынша, бұл істе Айжан Мамешованың мәртебесі «қорғауға құқығы бар куәгер» болған.
“Бірақ соған қарамастан оны куәгерден күдікті статусына ауыстыруға дәлел болмай жатып, ешқандай дәлелдер болмай жатып тергеуші оны 48 сағатқа қамау туралы шешім шығарды” деді Қалиев Азаттыққа берген сұхбатында.
Бұған дейін қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова полицияның Мамешованы ұстау кезінде күш қолданғанын, оның қолын қайырып, көлікке күштеп отырғызып әкеткенін мәлімдеген.
Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме бермеді.
Соңғы жаңалықтар





