Алматыда бұрын сотталған филармонияның экс-директоры ұрлық жасады деген күдікке ілінді
Алматыда Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның бұрынғы директоры Аян Сұлтанғалиев ақша айырбастау пунктіне қарақшылық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, шамамен бір ай бұрын бетіне маска таққан, қолында тапаншасы бар ер адам айырбастау пунктіне кіріп, ірі көлемдегі ақшаны алып кеткен.
Көп ұзамай Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстаған. Ол 68 жастағы Аян Сұлтанғалиев болып шыққан.
Аян Сұлтанғалиев бұған дейін де атышулы іске қатысқан. 2010 жылы ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясын жөндеуге бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айыппен сотталған еді. Сол іс бойынша опера және балет театрының бұрынғы басшысы Қуаныш Оразғалиев те жауапқа тартылған. Нәтижесінде екеуі де кінәлі деп танылып, шартты жаза алған.
Басылым мәліметінше, кейінгі жылдары Сұлтанғалиев ауыл шаруашылығымен айналысқан. Алайда жуырда өз үйіне жақын орналасқан ақша айырбастау орнына қарақшылық шабуыл жасаған деген күдікке ілінді.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, 1957 жылы туған күдікті ұсталып, қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Оған Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша айып тағылған. Аталған бап 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Соңғы жаңалықтар