Алматыда тәрбиеші баланы тұншықтырған балабақшада полиция күзетте тұр

Алматыда тәрбиеші баланы тұншықтырған балабақшада полиция күзетте тұр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қаладағы жеке меншік балабақшада орын алған балаға зорлық көрсету оқиғасынан кейін полиция мекемені бақылауға алды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары балабақша әкімшілігімен әңгімелесіп, тергеу жүргізуде.
Оқиға балабақшадағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алдын ала деректер бойынша, тәрбиеші бүлдіршінді тұншықтырған, ал бөлмеде болған басқа қызметкерлер бұл әрекетке араласпаған.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ҚР ҚК 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша тергеу басталды.
Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар балабақшадан балаларын жаппай алып кетіп жатыр. Кейбірі сұхбат беруден бас тартса, кейбірі видеодағы тәрбиеші жұмыстан шығарылғанын айтты.
Қалалық білім басқармасы өкілдері мекемеге кірмек болғанымен, балабақша әкімшілігі бастапқыда олармен сөйлесуге келіспеген. Қазір мекеме өкілдерімен тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Алматы полициясы кінәлілер заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар





