Алматыдағы элиталық «Esentai City» кешенінде жарылыс болды
Алматыдағы қымбат тұрғын үй кешендерінің бірі «Esentai City» аумағында жарылыс болды. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғаға қатысты Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Әкімдіктің алдын ала мәліметінше, жарылыс табиғи газдың шығуынан болуы мүмкін.
«22 қазанда Алматы қаласының Медеу ауданындағы Қаппаров көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарқылы орын алып, артынша жану болған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұған табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін. Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазір жауапты қызметтер жарылыстың нақты себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.
Politico.kz дереккөздерінің мәліметінше, оқиға 06:55-те болған. Алдын ала болжам бойынша, үш қабатты таунхаустың бірінші қабатында табиғи газ таралып, газ бен ауа қоспасы жарылған. Салдарынан екі пәтердің қабырғалары қираған. Зақымданған аумақтың алдын ала көлемі 75 шаршы метрге жеткен. Жарылыстан кейін өрт шықпаған. Жарылыс салдарынан «Depal» маркалы автокөлік те бүлінген. Оның панорамалық шатыры сынған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 6 техникасы барған. Жарақат алған екі бала 2015 және 2017 жылы туған. Біреуі басынан, екіншісі сол жақ тізесінен соққы алған.
Politico.kz Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне де сауал жолдады.
Айта кетейік, «Esentai City» Алматыдағы ең қымбат тұрғын үй кешендерінің бірі саналады. Ол премиум және элиталық санатқа жатады.
Кешендегі ғимараттар 3 қабаттан аспайды. Тұрғын үй қалашығы «қала ішіндегі қала» тұжырымдамасы бойынша салынған. Мұнда шатырдағы террасалар мен тұрғындарға арналған жеке автотұрақтар қарастырылған.
Әртүрлі нарықтық шолулар мен талдауларға сүйенсек, «Esentai City» кешеніндегі пәтерлердің бағасы орта есеппен 141 млн теңгеден 293 млн теңгеге дейін жетеді. Аумағы мен жөндеуіне қарай бұдан да қымбат пәтерлер бар.
Соңғы жаңалықтар