Алматыдағы перзентханада көз жұмған жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды

04.06.2026 10:17 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматыдағы перзентханада көз жұмған жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды
188
Фото: видеодан скриншот

Алматыда 32 жастағы Анна Ефименко мен оның дүниеге келмеген сәбиінің жұмбақ өліміне байланысты тергеу басталды. Марқұмның жұбайы Алексей Ефименко оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 4 мамырдан 5 мамырға қараған түні жүкті әйелдің жағдайы күрт нашарлап, қатты ауырып, бірнеше рет есінен танып қалған. Осыдан кейін отбасы жедел жәрдем шақырған.

Әуелі Анна перзентханаға жеткізіліп, кейін перинаталдық орталыққа ауыстырылған. Жүктіліктің сегізінші айында оған кесарь тілігі жасалғанымен, сәби өлі күйінде дүниеге келген.

Алексей Ефименко күндізгі уақытта медбикенің келіп, нәрестеге қандай есім қоятынын сұрағаннан кейін ғана баланың шетінеп кеткенін түсінгендерін айтты.

«Ешкім бізге нақты не болғанын түсіндірмеді. Тек кешке дәрігерлер операцияның аяқталғанын және әйелімнің жансақтау бөліміне ауыстырылғанын айтты. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған еді. Сондай-ақ жүрегі бірнеше рет тоқтап қалғанын, дәрігерлер қан кетуді тоқтатуға және жүрек жұмысын қалпына келтіруге тырысқанын жеткізді», – дейді марқұмның жұбайы.

Алайда әйелдің жағдайы жақсармаған. 7 мамыр күні дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, Аннаның миына қан құйылған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, әйелі оқиға алдында түнде баласын ұйықтатып қойған соң дәретханаға бармақ болған. Сол сәтте бірнеше рет есінен танып қалғанын дәрігерлерге өзі айтып үлгерген.

Сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысында миға қан құйылу мен бас-ми жарақаты көрсетілген. Алайда бұл жарақатты қалай алғаны әзірге белгісіз.

Анна Ефименко маникюр шебері болып жұмыс істеген, кондитерлік өнерге қызыққан. Жұбайымен 15 жыл бірге өмір сүріп, екі бала тәрбиелеп отырған. Қазір кенже қызы небәрі екі жаста.

Марқұмның әпкесі Алена Градович отбасыны диагноздың қашан қойылғаны, нақты не болғаны және дәрігерлердің қандай әрекеттер жасағаны туралы сұрақтар мазалап отырғанын айтты.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйелге қатысты алдын ала диагноз қойылғанын, алайда оны жариялау мүмкін емес екенін мәлімдеді.

«Дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық және хирургиялық шараларды жүргізді. Алайда жүкті әйел мен оның сәбиін аман алып қалу мүмкін болмады», – деп хабарлады ведомство.

Басқарма басшысының орынбасары Лайла Иманғалиева әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне қатысты айтылып жатқан айыптауларға да пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта қандай да бір қорытынды жасауға ерте. Барлық тексеру мен сараптама аяқталғаннан кейін ғана оқиғаға объективті баға беріледі», – деді ол.

Анна Ефименконың нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий