Алматының жаңа жылдық безендіруіне рекордтық 800 млн теңге жұмсалмақ

Алматының жаңа жылдық безендіруіне рекордтық 800 млн теңге жұмсалмақ
18.12.2024 09:36
0
36
Zakon.kz
Алматыны безендіруге бөлінген 800 млн: бюджеттің мақсаты мен шығындары.

Алматы қаласын биыл Жаңа жылға безендіруге 800 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы ең үлкен сома болып табылады. Егер 2020 жылы акимат мерекелік безендіруге мүлдем қаржы бөлмесе, 2021 жылы бұл мақсатқа 224 млн теңге жұмсалған еді. Алайда алматылықтар сол кезде безендірудің тым қарапайым екенін айтып, сынға алған болатын.

Сыннан кейін 2022 жылы акимат бұл соманы 600 млн теңгеге дейін арттырды, ал 2023 жылы 511 млн теңге бөлінді. Ал биылғы 800 млн теңге барлық рекордтарды жаңартып отыр.

Акиматтың мәліметінше, биыл қаланы безендіру жұмыстары бұрынғыдан да ауқымды болмақ. Қала аумағында 300-ден астам мерекелік инсталляциялар орнатылады, олардың ішінде өткен жылғы 120 шағын архитектуралық формалар қайта жөнделіп, пайдаланылатын болады.

Сонымен қатар, Алматының әртүрлі аймақтарына 80-нен астам шырша қойылды. Негізгі шырша биіктігі 22 метрді құрайды және ол дәстүр бойынша Республика сарайының алдындағы Абай алаңына орнатылды. Шырша шамдары 20 желтоқсан күні сағат 19:00-де жағылмақ.

Республика сарайының алдында өтетін мерекелік іс-шарада эстрада жұлдыздары: Turar, Dakelot, Adill, Мади Рымбаев, Диная, ALPHA тобы және басқа да әртістер өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Аяз ата мен Ақшақар сияқты мереке кейіпкерлері де бар.

Акимат бұрынғы инсталляцияларды қалпына келтіріп, бюджет тиімді жұмсалатынын атап өтті. Ал мерекелік отшашуларға қаржы бөлу мәселесі бойынша әзірге нақты жауап берілмеді.

Қаладағы Жаңа жылдық іс-шаралар мен безендіру жұмыстарының тізімі акиматтың ресми сайтында жарияланады.

Мұз қатқан көшелерді тазалауға немесе басқа маңызды қажеттіліктерге бөлінетін қаржы жөнінде алаңдаған азаматтарға акимат бұл мақсаттарға қаражаттың бұрыннан-ақ бөлінгенін ескертті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий