«Америкада жүр» деген Мәсімов әлі түрмеде отыр

«Америкада жүр» деген Мәсімов әлі түрмеде отыр

Бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов түрмеде жұмыс істей ме, жалақы ала ма, қандай кітап оқиды? Тіпті оның қай өңірдегі колонияда отырғаны да белгісіз. Журналистер осы сұрақтардың жауабын білмек болғанымен, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) сотталған шенеуніктің жеке өміріне қатысты мәліметті жариялаудан бас тартты. Бұл туралы «Курсив» басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Курсив» ҚАЖК-ге ресми сауал жолдап, Мәсімовтің түрмеде жұмыс істейтінін, жалақы алатынын, кітапханадан қандай кітаптар оқитынын және қамауда ұстау жағдайына шағымданғанын анықтамақ болған.

Алайда комитет сотталған адамның жеке деректерін қорғау талабына сүйеніп, бұл сұрақтарға жауап бермеген.

ҚАЖК төрағасының орынбасары Сергей Варго Мәсімовтің қай мекемеде және қай өңірде жазасын өтеп жатқанын айтпады. Бірақ оның әлі де түрмеде екенін растады.

Комитет жауабында «Сауалда көрсетілген сотталған адам заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жатыр» делінген.

Басылым Мәсімовтің түрмеде жаңа мамандық меңгергенін, 2025 және 2026 жылдары дәрігерлерге жүгінгенін, тәртіптік жаза немесе көтермелеу алғанын да сұраған. Бұдан бөлек, кейінгі бір жарым жылда туыстарымен қанша рет кездескенін және қанша сәлемдеме алғанын білмек болған.

ҚАЖК бұл мәліметтерді де жарияламады.

Ведомство «Сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия болып саналады және жариялауға жатпайды» деп жауап берген.

Комитет бұл шешімін «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң мен Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарымен түсіндірді. Заң бойынша сотталған адамның нақты қайда жазасын өтеп жатқаны тек жақын туыстарына хабарланады.

2026 жылғы тамызда Кәрім Мәсімовтің Қазақстаннан кетіп, АҚШ-та тұрып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Суретші Қанат Ибрагимов өзге адамдардан естігеніне сүйеніп, бұрынғы ҰҚК төрағасы әлдеқашан бостандыққа шыққанын және отбасымен бірге Хьюстон қаласында тұратынын айтқан.

Сол кезде ІІМ ақпаратты жоққа шығарып, ҚАЖК мекемелерінде тәулік бойы бейнебақылау жүргізілетінін және тұрақты тексерулер өтетінін хабарлады.

Еске салайық, 2023 жылғы 24 сәуірде Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Бұрынғы ҰҚК төрағасының мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойына тыйым салынды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу