«Анам өлтіріп кетеді деп қорықты»: Ерлан Төлеутай өзінің «қара тізімде» жүргенін айтты

13.07.2026 21:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Анам өлтіріп кетеді деп қорықты»: Ерлан Төлеутай өзінің «қара тізімде» жүргенін айтты
168
Фото: Asian Movie Pulse

Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Мәдениет министрі Аида Балаеваның "қара тізімі" бар екенін және өзінің сол тізімге енгелі өмірі қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі.

 «Мен, мысалы, бір жерге барсам, мені кіргізбейді, жақтырмайды. Сыртымнан күбір-күбір басталады. Өйткені мен «қара тізімдемін». Жақында Консерваторияда бір қызық жағдай болды. Солардың арасында: «Сол жаққа бір хат жазу керек, сосын Ерланды да тізімге қоссын», — деген әңгіме болыпты. Сонда: «Ойбай, оны да қоямыз ба? Ол «қара тізімде» ғой», — деп шу ете қалыпты. Сондықтан қазір өзіңнің маңайыңда жүргендер де сенімен бірге жүруге қорқады. Себебі «қара тізімдегі» адамның «қара бояуы» өзіне де жұғып кететіндей көреді. Жақында Ұлттық кітапханада бір жиын өтті. Сонда жаңағы модератор маған мүлдем сөз бермей қойды. Халық болса: «Ерлан Төлеутай сөйлесін, соны естиік!» — деп шулап жатыр, бірақ бәрібір сөз бермеді. Өйткені «сөз бермеңдер» деген бұйрық түскен. Бұл енді министрдің істейтін ісі емес қой, басқа шаруасы қалмағандай. Одан да ол бұрынғының министрлеріндей болса, кек сақтап, адамның соңына түспейді. Ол — министр, ол — жауапты тұлға. Оның міндеті — әділетсіздікті түзетіп, өнерпаздар келгенде оларға жағдай жасау. Жоқ, ол керісінше, туфли жаламайтындарды, шындықты айтатындарды жазалайды», — деп бөлісті Ерлан Төлеутай.

Сөзін жалғай отырып, ол жағымпаздықты жай ғана жағымсыз қылық емес, өнердің табиғатына, оның болмысына жасалған үлкен қастандық ретінде сипаттады. Жағымпаздық асқынған жерде таланттар тасада қалып, өнердің құны түсетінін жеткізді. Нағыз өнер тек еркіндік пен асқақ мінезден ғана нәр алатынын, ал жалтақтық пен құлдық сана өнерді тек қолжаулыққа айналдыратынын айтып, өз ренішін білдірді.

«Негізі, жағымпаздан ешқашан өнер тумайды. Жағымпаз адам өнер жасай ала ма? Нағыз өнердің өз қасиеті бар. Кім бас имейді, кімнің мінезі бар — өнерді де, саясатты да, экономиканы да солар жасайды. Ал мінезсіз жағымпаздың қолынан түк келмейді. Ондай мың жағымпазды Ақордаға немесе министрлікке қамап қойсаңыз да, бәрібір ештеңе өндірмейді. Ол неге жағымпаз болады? Өйткені оның өнері де, қабілеті де, бойында дарыны да жоқ. Ол — маман емес. Содан кейін амалсыз жағымпаз болады. Ал енді таланты мен қабілеті бар адамда мінез болады. Қазір айналаңызға қараңызшы, қайсысында мінез бар? Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету мінезден», — деген сөзі бүгінде өте өзекті болып тұр. Ол жайдан-жай айтылған сөз емес. Көріп отырғанымыздай, мына мінезсіз адамдар түкке де жарамайды және мемлекетке ешқандай қызмет атқара алмайды. Бізде, өкінішке қарай, керісінше болып тұр: мінезді адамдардың бәрін сыртқа теуіп жатыр...» — деді актер.

Әңгіме барысында ол қазіргі уақытта ресми қызметтен тыс қалғанын және мұның артында қандай себептер тұрғанын жасырмай айтты. Өзінің мінезділігі мен принципшілдігі үшін «қара тізімге» ілінгенін, соның кесірінен бүкіл есіктердің тарс жабылғанын жеткізді. Осы бір жүйелі шектеулердің кесірінен еш жерде ресми жұмыс істей алмай, тек өз қаламының күшімен ғана күн көруге мәжбүр болып отырғанын атап өтті.

«Ешқайда, еш жерде жұмыс істемеймін. Айттым ғой, «қара тізімде» отырмын. Жаңа «неге ауырып жүрсіз?» деп сұрадыңыз ғой. Соның бәрі осыдан. Мен күніне 18 сағат жұмыс істеймін: біреуге кітап жазып берем, біреудің мәтінін редакциялаймын, біреуге мақала жазамын. Осылай қаламыммен күн көріп отырмын. Көрдіңіз бе? Қазір, мысалы, маған концерт өткізуге де рұқсат бермейді. Кез келген театр немесе концерт залы мені көрсе, ат-тонын ала қашады. Өйткені «басымыз бәлеге қалады» деп қорқады. Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетауға барғанымда мені сахнаға шығармай қойды. Себебі — баяғы «қара тізім». Мәдениет басқармасының бастықтарының қолына осы тізімді ұстатып қойған сияқты, бәрі соған қарап отырады», — деді Ерлан Төлеутай.

«Соңғы кездері анаңыз сізді шақырып алып: «Ерлан, қойсаңшы, мына күресті тоқтат», — деген екен. Осыдан кейін ойланып қалдыңыз ба?» — деп сұрады журналист. 

«Ол кісілерге де біреулер менің сөйлеген сөздерімді көрсеткен болуы керек. Мен Бельгияда, әлемдік орталық саналатын Брюссель қаласында протест жасадым. Онда Еуропарламент бар. Әділет іздеген адамдардың бәрі Брюссельге немесе Франциядағы Страсбург қаласына барады. Әлемде теңдік сұрайтын осындай екі-үш жер бар. Мен де Бельгияға барғанда сол Еуропарламенттің мінберінен әділдік пен теңдік сұрап, протест жасадым. Бірақ мен оны Мәдидің әнімен жеткіздім. Содан кейін тағы бір жерде сөйлеген сөздерім бар еді, соның бәрін анама көрсеткен ғой. Оның алдында да айтқан сөздерім аз емес. Кейбір адамдар анама барып: «Ойбай, Ерлан бүйтіп жатыр, сүйтіп жатыр, ертең басына бір бәле орнап кетеді», — деп қорқытқан сияқты. Сосын ана жүрегі ғой, мені «өлтіріп кетеді» деп қорыққан. «Өлтіріп кетеді ғой, өлтіріп кетеді», — деп уайымдады. Сонда мен: «Ешкім мені өлтірмейді...» — деп айттым», — деді өнертанушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий