"Анам қайнысымен шаңырақ көтерді": Мұхамеджан Тазабек отбасылық сырын бөлісті

23.07.2026 11:35 Мөлдір ҚАЙНАР
303
Фото: әлеуметтік желі

Айтыскер ақын әрі қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек өзін өсірген ағасының 70 жасқа толуына орай желіде әсерлі жазба жариялап, отбасылық құпиясын ашты, деп хабарлайды Politico.kz  Sn.kz ақпарат порталына сілтеп.

Қоғам белсендісінің айтуынша, әкесі өмірден өткеннен кейін үлкендердің ұйғарымымен анасы марқұм күйеуінің туған бауыры Бақытжанмен әмеңгерлік дәстүрі бойынша отау құрған.

"Марқұм әкем өмірден өткесін, анам жесір қалады. Көп өтпей, үлкендердің ұйғарымы, екі жақтың батасы, жүректердің қалауымен туған бауыры әмеңгерлікпен ақ некесін қиып алады. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт әке орынына бізге әке боп, өз кіндігінен де ұрпақ өрбітіп, шаңырағымыздың отағасы боп келеді. Енді міне, әулетіміздің де ақсақалына айналды", – деп жазды ол.

Ақын ағасының өздерін ешқашан бөле-жармай, барлық бастамаларына қолдау көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ ол інілері Айдын мен қара шаңырақта қалған Айдостың да оған құрмет көрсетіп, бабын жасап отырғанын жеткізді.

Сөз соңында Мұхамеджан Тазабек Қарағандыдан келген бетте өздеріне тосынсый жасаған бауырларына ырзашылығын білдіріп, ата-анасына ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий