«Анамды ешкім тастап кеткен жоқ»: Ақан Сатаевтың қызы тараған қауесетке нүкте қойды
Танымал режиссер Ақан Сатаевтың қызы Айиша Сатай әлеуметтік желіде өз отбасына қатысты тараған алып-қашпа әңгімелерге ашық жауап берді. Ол кейбір желі қолданушыларының сөзді контекстен бөліп алып, шындыққа жанаспайтын қорытынды жасауына қынжылатынын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz
Айишаның айтуынша, бөтен отбасының ішкі жағдайын талқылауға әуес жандардың көбейгені өкінішті.
«Адамдар бір сөзді жұлып алып, оған өз қиялын қосып, тез үкім шығарады. Әсіресе өз өмірінде мазмұн аз адамдардың өзгенің отбасына үңілуге уақыты табылатыны таңғалдырады», – деп жазды ол.
Айиша бала кезінен арандатуға ермеуді үйренгенін айтады. Алайда ата-анасының абыройына нұқсан келетін сөздер айтылғанда, үнсіз қалу мүмкін емес екенін жеткізді.
«Мен ешқашан біреуге дәлелдеп, ақталумен айналыспаймын. Бірақ әкем мен анам туралы жалған әңгімелерге көз жұмып қарай алмаймын», – дейді ол.
Сондай-ақ Айиша анасына қатысты желіде жиі айтылып жүрген «тастап кеткен» деген сөздерге нақты жауап берді.
«Анамды ешкім тастап кеткен жоқ. Оған өзі қалаған төрт бөлмелі пәтер сыйға берілді. Ол – саналы, дербес адам. Қайда, қалай өмір сүруді өзі таңдайды. Ересек адамды күштеп ұстап тұру мүмкін емес», – деп жазды Айиша.
Ол ата-анасы ажырасқанымен, анасына деген махаббат пен қарым-қатынастың үзілмегенін де атап өтті.
«Арадағы байланыс ажырасумен де, қашықтықпен де жоғалған жоқ», – деді ол.
Айиша жазбасында ата-анасының бір-біріне деген сыйластығы сақталғанын айтып, әкесінің өмірлік өсиетін бөлісті.
«Әкем маған әрдайым: “Ешқашан анаң туралы жаман сөйлеме. Ол – сенің анаң” деп айтып отыратын. Бұл сөз жадымда мәңгі қалды», – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол ересек адамдардың жеке өміріне бөгде жандардың араласуы орынсыз екенін баса айтты.
«Ата-аналар өз өмірін өзі сүреді. Балаларға тек қабылдау мен құрмет қалады», – деді Айиша.
Жазбасының соңында Айиша әлеуметтік желідегі «құтқарушы» болуға тырысатындарға үндеу жасап, өзгенің емес, өз отбасың мен жақындарыңа көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
«Бөтен отбасын құтқаруға емес, өз жандарыңызға уақыт пен махаббат арнаңыздар», – деді ол.
Сондай-ақ дін мен дүниетаным әр адамның жеке таңдауы екенін еске салып, мұндай тақырыптарды талқылау мен айыптаудың әдепке сай еместігін жеткізді.
«Алдымен адам болып, мейірімді әрі әділетті болайық», – деп түйіндеді Айиша.
Соңғы жаңалықтар