Әнші: Ернар Айдар күйеуіме көлік сыйлап, қайтадан алып қойды
Әнші Қарлығаш Сұлтанша өз үйінде төрт жыл бойы тұрған Ернар Айдардың жолдасына сыйлаған автокөлігін кейіннен қайтарып алғанын ашып айтты. Десе де, өнер иесі арада ешқандай реніш жоқ екенін және кезінде оны өз шаңырағына паналатқанын еш міндетсінбейтінін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.
«Екінші Шәмші деп атайтыныңызды өзіңіз де айтып өттіңіз. Дәл қазіргі уақытта түрлі композиторлардың әншілерге деген ренішін жиі көріп, біліп жүрміз. Бұл туралы әлеуметтік желілерде де аз жазылған жоқ. Оның ішінде Баян Сұлу мен «Нұрбуллинге» қатысты да осындай әңгімелер шықты. Ал сіздің жолдасыңызды ренжітіп кеткен әншілер көп пе?» — деп сұрады Айнұр Асанберді.
«Бәлкім ішінде реніші бар шығар. Бірақ мен бұған қатысты мынадай нәрсені айтар едім: ең дұрысы — тапсырыс берушіден ақшаңды алып, сосын оған тиісті өніміңді беру. Егер арада нақты есеп болмаса, «бауырым, достық көмек ретінде жаза салшы», «жеңілдік жасап берші» немесе «мені танымал етіп шығарып берші» деп өтініш айтатындар болады. Ал мұндай жағдайлардың соңы ... Мысалы, қазір Ернар Айдар туралы жиі айтылады. Ол кезінде біздің үйде төрт жыл бойы тұрды, Қуаныш ағасының қасында жүрді. Бізбен бірге ыстық-суықты қатар бөлісіп, әнші болу үшін сол үйде өмір сүрді. Сол кезде ол: «Ұстазым, егер мен күнделікті тойға шығатын деңгейге жетсем, сізге міндетті түрде «570» мінгіземін», — деп уәде берген болатын. Бірақ Қуаныш сол уақытта қатты ренжіп жүрді. Кейін Ернар оның астына Pajero автокөлігін әкеліп бергенімен, артынша ол көлікті қайтарып алды. Мұндай қиын сәттер де өтті, оны да бастан өткердік. Сол кезде мен жолдасыма: «Көрдің бе? Сен «ертең бүйтем, ертең сізге сүйтем» деген құрғақ уәдеге сенгенше, «мә, маған, мә, саған» деп есепті бірден айыруың керек еді. Сонда сен де, ол да тыныш болар едіңдер. Ешкімнен ештеңе күтпеу керек», — дедім», — деді Қарлығаш Сұлтанша.
Ары қарай ол концертте Ернардың иығына жай ғана шапан жабумен шектелмей, ұстазына тұлпар мінгізуі тиіс екенін халықтың өзі де жазып, наразылық білдіргенін тілге тиек етті.
«Сосын оның концертінде иығына шапан жабылған кезде халықтың өзі де әлеуметтік желіде: «Бұл кісі саған соншама ұстаздық етті, жол көрсетті, үйінде тұрдың. Саған бойындағы бар өнерін беріп, нота мен әуенді үйретті. Соның бәріне бір ғана шапан емес, көлік болмаса да, астына ат мінгізсеңдер де болар еді ғой», — деп жазды. Әрине, мұндай реніштер болды, бірақ қазір бәрі артта қалды, өтіп кетті. Негізіне келгенде, ешкім ешкімге міндетті емес. Ернар да бізге ештеңе қарыз емес. Егер біз сол кезде оны үйге жатқызғымыз келмесе, жатқызбауымыз керек еді. Болашақта міндетсінетін болсақ, хит әндерді де бермеуіміз керек еді. Әр нәрсеге адамның адамға себепші болуы ғана әсер етеді», — деді әнші.
Десе де ол Ернар Айдардың өте дарынды орындаушы екенін айтып, оның бүгінгі биік деңгейге жетіп, тұлға ретінде қалыптасуына көптеген жандардың, әсіресе өз отбасы мен жақындарының үлкен үлес қосқанын алға тартты.
«Ернардың танымал болуы тек Қуаныштың арқасы емес, бұл жерде оның өзінің де қаншама еңбегі бар. Ол өте еңбекқор бала. Әннің бағын ашатын әншілер» дегенімізбен, қаншама мықты әншілер әннің бағын аша алмай жүр. Сондықтан танымал тұлға болу үшін оның артында тек бір ғана композитор емес, қаншама адамның еңбегі тұрады. Ернар Айдардың бүгінгі деңгейге жетуіне тек Қуаныш қана емес, оның ағасы, ата-анасы, қаржылай қолдау көрсеткен продюсері және ең бастысы — өзінің тынымсыз еңбегі себепші болды. Сондықтан бұл жерде біздің өкпелегеніміз дұрыс емес. Адамның біреуге өкпелеуі немесе одан үлкен үміт күтуі — оның өз білімсіздігінен болады. Өмірде таяқ жеп жататынымыз да — өз білімсіздігіміздің салдары», — деді әнші.
Соңғы жаңалықтар