Антальяда көз жұмған қазақстандықтың ісіне қатысты СІМ мәлімдеме жасады

10.07.2026 11:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Антальяда көз жұмған қазақстандықтың ісіне қатысты СІМ мәлімдеме жасады
113
Фото: magnific.com

Түркияның Анталья қаласында жол апатынан көз жұмған қазақстандық бойжеткеннің өліміне қатысты Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның жақындары мәлімдеуінше, 2008 жылы туған Әдия Алмабек Түркияға өндірістік іс-тәжірибеден өтуге барып, қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген. Оқиға күні қыз өзін жайсыз сезініп, танысынан ауруханаға апаруды өтінген. Жолда олар мінген мотоцикл апатқа ұшырап, бойжеткен ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмды. Туыстары бұл қайғылы жағдайды тергеуге жәрдемдесуді сұраған болатын.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 15 маусымда Антальяда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Әдия Алмабектің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады.

Қазақстанның Антальядағы Бас консулдығы құжаттарды ресімдеуге көмектесу, жергілікті органдарымен өзара іс-қимыл жасау және денесін репатриациялауды ұйымдастыруды қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық жәрдем көрсетті.

Қаза тапқан азаматымыздың денесі ағымдағы жылдың 17 маусымында Қазақстанға жеткізілді. Репатриация жұмыс берушінің және серіктес ұйымдардың қаржылай қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл мәселе Бас консулдықтың бақылауында. ҚР дипломаттары бұл мәселе бойынша құзыретті органдармен өзара іс-қимылды жалғастыруда", — деп хабарлады СІМ редакциямызға.

Войдите, чтобы оставить комментарий