АҚШ 70 мың шаршы метр аумақты 49 жылға жалға алмақ
Алматыда АҚШ консулдығына арналған жаңа ғимарат салу үшін 70 мың шаршы метрден асатын жер телімі 49 жылға жалға беріледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
22 қаңтарда бұл келісім туралы заң жобасы Мәжіліске ұсынылды.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша: «Нью-Йоркте өткен жылдың 27 қыркүйегінде қол қойылған келісімнің мақсаты – АҚШ үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекемесін салу және пайдалану үшін 49 жылға арналған жалдау шартын бекіту. Келісім нормалары жер телімін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды».
2019 жылы АҚШ-тың сол кездегі елшісі Уильям Мозер Алматыда жаңа ғимарат салу жоспарын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы екі кеңседен тұрады, алайда олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні айтылған.
«Біз ғимараттың жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондай-ақ, сыртқы қабырғалар мен ғимарат арасындағы қашықтық 30 метр болуы тиіс, бұл біздің Конгресс талаптары», – деген еді елші.
Елшінің айтуынша, ғимараттың эскиздерін бекіту екі жылға дейін, ал құрылысы төрт жылға дейін уақыт алуы мүмкін.
Ақпарат Forbes.kz сайтынан алынған.