Ақтөбеде беташарда миллиондап ақша шашқан депутат жазаланды

21.04.2026 12:50 Мөлдір Талғат
Ақтөбеде беташарда миллиондап ақша шашқан депутат жазаланды
255
Фото: bairaqmedia.kz

Ақтөбеде беташар кезінде бума-бума ақша санап, жұрт назарына түскен қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода депутаттың беташар кезінде көпшіліктің көзінше ақша санап тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары оны бірден танып, қызу талқылауға салған. Қайырғалиевтің депутат қана емес, әкімнің ұлы екені де көпшіліктің назарын аударды.

Аталған видео алғашында той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланып, кейін жергілікті пабликтер арқылы кең тараған. Пікірлер екіге жарылды: бірі мұны қазақы дәстүрдің бір көрінісі десе, енді бірі орынсыз әрекет ретінде сынға алды.

Желіде қызу талқыланғаннан кейін бұл жағдай депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына шығарылды. Тексеру 20 сәуірде өтіп, нәтижесінде депутатқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

«Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясының шешімімен Аслан Қайырғалиевке сөгіс жарияланды. Комиссия Instagram-дағы бейнежазбаларды жан-жақты қарап, осындай шешім қабылдады», – деді мәслихат төрайымы Анар Даржанова.

Өз кезегінде депутат бұл әрекетінің орынсыз болғанын мойындады. Оның айтуынша, бұл жақын досының тойы болған және жиналған 4 миллион теңгені табыстау міндеті өзіне жүктелген.

«Қазір түсініп отырмын, ақшаны санап тұрған сәтім әдепсіз көрінген. Мақтану ойым болған жоқ, тек эмоцияға берілдім», – деді Аслан Қайырғалиев.

Сондай-ақ ол айтылған сынмен келісетінін және мұндай жағдайдың қайталанбайтынын атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий