Ақтөбедегі ірі мұнай компаниясын енді қытайлық маман басқарады

09.06.2026 12:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбедегі ірі мұнай компаниясын енді қытайлық маман басқарады
227
Фото: «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС

Ақтөбе облысындағы ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі саналатын «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің жаңа бас директоры болып қытайлық азамат Ван Цзяньнин (Wang Jianning) тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл кадрлық өзгеріс туралы аталған кәсіпорынның ресми сайтындағы басшылық құрамына арналған мәліметтерден белгілі болды. Таралған ақпаратта Ван Цзяньнин бұл қызметіне 2026 жылдың 1 маусымынан бастап ресми түрде кірісіп кеткені жазылған. Қызығы сол, дәл осы күні оның бірінші орынбасары болып бұған дейін аталған компанияны басқарған Нұрсейіт Союнов тағайындалды. Жалпы Нұрсейіт Джомартұлы бас директор қызметін 2024 жылдың тамызынан 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін атқарған болатын. Ендігі кезекте екі басшы өзара орын ауыстырып отыр.

Жаңа басшының білімі мен жұмыс тәжірибесі өте бай әрі ауқымды. Ол алғашқы мамандығын 2005 жылы Янцзы университетінде мұнай инженериясы бағыты бойынша алған, ал бір жылдан кейін Қытай мұнай университетінде осы саланың магистрі атанды. Одан кейін білімін Ресейде жалғастырып, 2008 жылы Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінде теңіз бұрғылау ісі бойынша тағы бір магистр дәрежесін қорғаған. Сонымен қатар ол 2023 жылы Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясына қарасты ғылыми-зерттеу институтында мұнай-газ ұңғымалық инженериясы мамандығы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққан.

Еңбек жолын 2008 жылы Пекиндегі Sinopec халықаралық мұнай барлау және өндіру корпорациясында қарапайым инженердің көмекшісі болып бастаған Ван Цзяньнин әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп үлгерген. Мәселен ол 2008 жылдан 2015 жылға дейін Ресейдің Сахалин аралында, оңтүстікамерикалық Тринидад және Тобагода, Индонезияның Джакарта қаласындағы Transocean компаниясында және африкалық Нигерия мемлекетінде инженер әрі супервайзер ретінде үлкен тәжірибе жинақтаған. Одан кейін 2015–2019 жылдар аралығында Пекин мен Тяньцзинь қалаларындағы ірі мұнай корпорацияларында аға инженер болып жоғары лауазымдарда еңбек етті.

Қазақстанға шетелдік маман 2019 жылы келіп, Алматыдағы Fioc және CIR компанияларында менеджер қызметін атқарған. Ал Ақтөбедегі қазіргі жұмыс орнына 2021 жылы ауысып келіп, алғашында бұрғылау бөлімі бастығының орынбасары болды. Содан бері ол қызметтік сатымен тез көтеріліп, өндіріс жөніндегі орынбасар және 2024 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейін бас директордың бірінші орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарып келді.

Айта кетейік, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Ақтөбе облысындағы Әлібекмола мен Қожасай кен орындарында 1999 жылдан бері мұнай және газ өндірумен айналысып келеді. Бұл ірі кәсіпорынның құрылтайшылары ретінде отандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық Caspian Investments Resources Ltd компаниясы тепе-теңдік негізде.

Войдите, чтобы оставить комментарий