"Арақ патшасы" кәсіпкер Сұлтан Махмадов тергелуде

Кәсіпкер Сұлтан Махмадов заңсыз спирт өндірісін ұйымдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «БМ» ЖШС және оған қатысты компаниялардың басшылығына қатысты тергеу амалдарын жүргізуде. Оларға қылмыстық топ құрып, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты деген айып тағылуда.
Тергеу мәліметтері бойынша, кәсіпкер Сұлтан Махмадов басқарған ұйымдасқан топ Жамбыл облысы аумағында тиісті лицензиясыз акцизделетін этил спиртін жаппай өндіру, сақтау және сатумен айналысқан. Бұған дейін Махмадов 2010 жылы осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны атап өтілді.
Күдіктілер өздерінің заңсыз әрекетін биоэтанол мен мал азығына арналған қоспаларды шығару ретінде көрсетіп келген. Алайда, іс жүзінде кәсіпорын аумағында өнеркәсіптік көлемде спирт өндіретін толық жабдықталған жасырын зауыт жұмыс істеген.
Дайын өнім Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан жасырын цехтарға жеткізіліп отырған. Бұл цехтарда жеткізілген спирттен халық денсаулығына қауіп төндіретін суррогат алкоголь өнімдері дайындалған.
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде жалпы құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті көлеңкелі айналымнан тәркіленді. Сонымен қатар, өндірістік базаны тінту кезінде 18 дана майнинг жабдығы анықталып, 7 автокөлікке тыйым салынды.
Қазіргі таңда істі ұйымдастырушы ретінде күдікке ілінген тұлға екі ай мерзімге қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар





