"Суррогат ана көмегіне жүгінейік". Арбаға таңылған қазақстандық ару сүйіктісін қалай жолықтырғанын айтты
Қазақстандық Дана Мейіржан әлеуметтік желідегі қарапайым таныстықтың қалай үлкен махаббатқа ұласқанын айтып берді. Тағдырдың жазуымен арбаға таңылған бойжеткен бүгінде өзінен 9 жас үлкен сүйіктісімен отау құруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы бойжеткен журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.
«Мұндайда көп адам беріліп кетіп: «Менің тағдырым не болмақ, маған ешкім қарамайды, қалай өмір сүремін?» — деп жасып жатады. Өзім туралы айтар болсам, кішкентай кезімнен, дәлірек айтсам, жасөспірім шағымыздан бастап жігіттердің, сыныптас балалардың тарапынан еш таршылық көрген емеспін, үнемі шоколадын әкеліп, қамқорлық танытып жүретін. Соған қарамастан, өзім іштей: «Тұрмысқа шыққым келмейді, маған оның керегі де жоқ, жұмысымды істеп, өз бетімше өмір сүре беремін», — деп ойлайтынмын. Бірақ кейін алдымнан қазіргі жігітім кездесті. Осыдан бір жарым жыл бұрын TikTok желісінде өзі хат жазды. Өзіңіз білесіз ғой, TikTok-та көптеген жан: «Мен сені аялап өтемін, алақанымда ұстаймын», — деп жазып жатады. Мен олардың көбіне жауап бермейтінмін, онша сенбейтін де едім. Ал бұл кісінің жазғаны өзгеше болды. Өте сыпайы, биязы түрде: «Сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? Осылай да осылай...» — деп жазыпты. Оның осы бір әдептілігі ұнап, жауап қаттым. Міне, содан бері бір жарым жыл өтті, екеуміз біргеміз», — деді Дана Мейіржан.
Ары қарай ол сүйіктісінің жүрегін қандай қасиеттерімен баурап алғанын әңгімелеп берді.
«Бұл — өте үлкен жауапкершілік. Алғашында маған сезімін білдіріп, көңіл бөлгісі келген адамдарға аса мән бермейтінмін. Себебі мен адамның қандай ниетпен жазып тұрғанын әрқашан іштей сеземін. Ал бұл кісінің ойы түзу, шын ниетпен жазып тұрғанын бірден ұқтым. Сөйлесе келе, оның әрбір сөзінен бәрі аңғарылып тұрды. «Немен қараттым?» — деп сұрағанымда, ол: «Ең алғаш сенің видеоңды көргенде, ішімде ерекше бір сезім пайда болды. Барлық видеоңды көріп шығып, бәріне лайк бастым», — деп күледі. Бастапқыда мен оған жағдайымның қиындығын, бәрін ашық түсіндіріп айттым. Ал ол: «Мен бәріне дайынмын. Не айтсаң да, бәрін көтеруге әзірмін», — деді. (...). Өйткені біз сияқты жағдайдағы жандар көбіне алданып қалып жатады немесе ешкімге сенбейді. Мен де ешкімге сенбейтін қыздардың қатарынан едім. «Маған бұның керегі не, не істеймін?» — деп жүретінмін. Бірақ бұл кісіге бәріміз сендік. Тек мен емес, менің ата-анам да оның өте керемет, сенімді жігіт екеніне көз жеткізді», — деп бөлісті бойжеткен.
Сондай-ақ ол, керісінше, сүйіктісінің өзін қандай қасиеттерімен баурап алғанын жеткізді. Оның бойындағы ер мінезі, қорған бола білетін асқан жауапкершілігі мен алға қойған мақсатына деген нық сенімділігі жүрегін бірден жаулаған. Әсіресе, оның көрсеткен ерекше қамқорлығы сезімін алаулата түскен: ол кез келген ұсақ-түйекке мән беріп, қиналған сәтте демеу болып, жылы сөзімен де, нақты ісімен өзін әрдайым қауіпсіздікте әрі бақытты сезіндіре білетінін айтты.
«Мысалы, бүгінгі жағдайды ғана айтайыншы: осы жаққа келерде мен оған: «Баратын жерде баспалдақтар бар екен», — деп айтқанмын. Соны естіп, қатты уайымдап қалды. «Сен не істейсің? Қалай болады екен? Мен де бірге барып, көмектесейінші», — деп мазасы кетті. Мен оған: «Қой, келмей-ақ қой», — десем де, ол: «Жоқ, барып, ол жақтың әжетханасына дейін қарап берейін, жүріп-тұруың ыңғайлы ма екен?» — деп уайымдады. Оның әрбір сөзінде, әрбір ісінде үлкен махаббат бар. Мен өзімді ойламасам да, ол бірінші кезекте мені ойлап тұрады: «Ол жаққа барғанда қалай болады, ана жаққа барғанда қалай қимылдайды?» — деп уайымдайды. Ол өз махаббатын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Мысалы, мен бір жерге барғанда арбамен жүргендіктен, маған ыңғайсыз немесе қиын сәттер туындап жатады. Өткелдер мен табалдырықтар кездескенде, ол мен үшін Талғар жақтан арнайы келеді. Өзі жұмыста болса да, бәрін тастап, маған көмекке ұмтылуға әрқашан әзір тұрады. Оның махаббаты — сөзінде ғана емес, әрбір іс-әрекетінде. Ол — өте мейірімді, кез келген уақытта қол ұшын созуға дайын жан. (...). Ондай сұрақ бәрібір қойылады ғой. Мен де қойдым. Ол маған: «Мен сені дәл осы бір нәрсең үшін жақсы көремін деп айта алмаймын. Махаббат деген — сөзбен жеткізуге келмейтін ұғым ғой», — деп түсіндірді. «Сені мына қасиетің үшін немесе мынауың үшін жақсы көремін деп бөліп жара алмаймын, ол тек жүректегі дүние», — деді. Алғашқыда болашақта не күтіп тұрғанын, бәрін түсініп, осы шешімге саналы түрде келгенін айтты», — деп бөлісті Дана Мейіржан.
«Кешірім сұраймын, мынадай сұрақ қойсам: ұрпақ сүю мүмкіндігіңіз бар ма?» — деп сұрақ қойды журналист.
«Негізі, толықтай мүмкіндік бар. Біздің жағдайымызда бала көтеруге мүлдем болмайды деген шектеу жоқ. Табиғатымызда бәрі дұрыс, яғни бала көтере аламыз. Менің арбада отырып-ақ екі-үш бала туып, тәрбиелеп отырған бірнеше таныс қыздарым бар. Бірақ мәселе мынада: мен өзім оны қалаймын ба? Себебі бұл денсаулыққа үлкен салмақ салады, босану процесі де оңай емес қой. Оның үстіне, жігітімнің де медицинадан біраз хабары бар. Ол маған басында-ақ: «Мен сені жоғалтып алғым келмейді. Бірінші кезекте өз денсаулығыңды ойлашы. Қазір медицина дамыған заман ғой, суррогат ана болу сияқты басқа да жолдары бар. Тек өзіңді қинамасаң болды», — деп айтқан. Әрине, мұның бәрін басында-ақ талқыладық. Мен өзі бәрін ашық айтып, бірден жеткізетін адаммын. Сондықтан бұл жайттарды алғашқы күндерден-ақ ақылдасып алғанбыз», — деді бойжеткен.
Соңғы жаңалықтар