«Арманға бастар жол»: Ерке Есмахан ұлының үлкен жетістігін жария етті
Танымал әнші Ерке Есмахан тұңғыш ұлы Муслимге қатысты қуанышты жаңалығын оқырмандарымен бөлісті. Өнер иесінің айтуынша, баласы Алматыдағы халықаралық мектептердің біріне оқуға қабылданған, деп хабарлайды Politico.kz
Әнші бұл жетістікте әкесі Раймның еңбегі зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, Муслим бірнеше жылдан бері шетелде білім алып, жазғы демалыстарын Англия мен Америкада өткізген. Райм баласының болашағын ертерек ойлап, шетелдік білім жүйесіне бейімдеуді мақсат еткен.
«Райм баламды шет елде оқытамын деп дайындап жүр. Сонымен қатар, үлкен баскетболда ойнауын қалайды. Алла қаласа, үлкен арманға жасалған алғашқы қадам осы болды. Жаңа жыл қарсаңында барлық пәндер ағылшын тілінде оқытылатын мектепке апарып, тест тапсырттық. Бағын сынап көрейік деген оймен барған едік», — деді Ерке.
Тест нәтижесі жаңа жылға санаулы күндер қалғанда белгілі болып, отбасы үшін ерекше тосынсыйға айналған.
Сондай-ақ Ерке Есмахан ұлының оқуына қажетті жағдай да жасалғанын айтты. Муслимге жаңа ноутбук сыйға тартылып, мектептің формасыз, еркін стильдегі оқу жүйесі де ата-ананың көңілінен шыққан.
Желі қолданушылары Еркенің жазбасына жылы лебіздерін білдіріп, Муслимге сәттілік тілеп жатыр. Көпшілік баланың болашағынан үлкен үміт күтетіндерін жасырмады.
Соңғы жаңалықтар