Арқалықтағы жарты ғасырлық желілерді жаңартуға үкіметтен 5,8 млрд теңге бөлінді
Қостанай облысының Арқалық қаласындағы әбден ескірген жылу және электр желілерін жаңғыртуға үкімет резервінен 5,8 млрд теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды Politico.kz.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, ал бөлінген қаражаттың 3 млрд теңгесі қаланың электр желілерін қайта құруға бағытталса, қалған 2,8 млрд теңгесі ұзындығы 8,3 шақырымды құрайтын жылу магистралін жөндеуді толық аяқтауға жұмсалады.
Бұл инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі 1970 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, жүйенің тозу деңгейі өте жоғары және кешенді түрде жаңартуды қажет етеді.
Айта кетейік, 2025 жылы жылу желілерінің 1,6 шақырымын жөндеуге 914 млн теңге жұмсалған болатын, ал енді қалған магистральді жаңарту қаланың жылу жүйесінің тозуын бірден 25 пайызға төмендетіп, жылу берудің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электр желілерін жаңарту жобасы аясында үш қосалқы стансаны қайта құру, жаңа желілер тарту және 37,8 шақырым бойындағы ескі ағаш бағандарды заманауи темірбетон тіректерге ауыстыру жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда үкімет қабылдап отырған бұл ауқымды шаралар Арқалық қаласы мен іргелес Жангелдин және Амангелді аудандарында тұратын 58 мың адамды тұрақты жарықпен және жылумен қамтамасыз етіп, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады.
Соңғы жаңалықтар