"Әртістер неге шеттетілуі керек?": Баян Алагөзова жиені Аша Матайға қолдау білдірді
Танымал продюсер Баян Алагөзова депутаттыққа үміткер болған жиені, әнші әрі тележүргізуші Аша Матайдың төңірегіндегі соңғы дау-дамайға байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Продюсер әлеуметтік желіде арнайы видеожазба жариялап, Аша Матайдың мансабындағы барлық жетістікке ешкімнің көмегінсіз, өз еңбегімен жеткенін атап өтті. Сонымен бірге Баян Мақсатқызы қоғамдағы өнер адамдарына қатысты қалыптасқан сыни көзқарасқа өз ренішін білдірді.
"Заңгер, мұғалім, дәрігер депутат бола алады да, неге әртіс депутат бола алмайды? Басқалардан заңды, бюджеттің қалай бөлінетінін сұрап керек емес те, тек мәдениет саласының адамдарынан сұрау керек пе? Неге елдің бәрі әншілер мен әртістерді депутаттыққа лайықсыз деп санайды?", – деді ол.
Продюсердің айтуынша, қоғамның қатаң сыны мен желідегі шабуылдар Аша Матайға психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиіп жатыр.
"Қазір оған өте ауыр. Ол осы жолда жалғыз өзі қалғандай болып отыр. Мен оны бәрібір жақсы көремін және қолдаймын. Депутат болса да, болмаса да – ол мен үшін лайықты адам. Ол нәзік әйел, екі баланың анасы", – деп толықтырды Баян Алагөзова.
Сондай-ақ продюсер елдегі әйелдердің құқығы мен отбасылық зорлық-зомбылық мәселелеріне де тоқталып өтті. Ол жылдар бойы екі реабилитациялық орталықты ұстап, әйелдер теңдігі үшін күресіп келе жатқанын еске салып, қоғамда әлі де әйелдерге екінші сұрыпты өкіл ретінде қарау басым екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар