Арыста екі бала мен жүкті әйелді қағып өлтірген мұғалім 9 жылға сотталды

07.09.2026 18:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Арыста екі бала мен жүкті әйелді қағып өлтірген мұғалім 9 жылға сотталды
461
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Түркістан облысында мас күйде көлік басқарып, екі бала мен жүкті әйелді қағып өлтірген мұғалімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін, 7 тамызда Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 52 жастағы Бибінұр Қасымоваға қатысты іс қаралды. Ол Арыс қаласындағы мектептердің бірінде қазақ тілінен сабақ берген.

Қайғылы оқиға биыл 6 маусымда болған еді. Тергеу мәліметінше, мұғалім көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. Ол жеке үйдің жанындағы орындықта отырған адамдарды соғып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жол апатынан сыртта отырған 6 адам зардап шекті. Оның ішінде 29 жастағы жүкті балабақша тәрбиешісі Айшолпан Шәріпбек пен оның 2 жасар ұлы қаза тапты. Сондай-ақ көрші үйдің 5 жасар қызы көз жұмды. Қалған үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың қатарында Дана Үсімбек, 30 жастағы әйел мен 1,5 жасар сәби бар.

Сот барысында қаза тапқандардың туыстары айыпталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, барынша қатаң жаза сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы Ақжарқын Оразбай әйелді 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Ал айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Ол мүгедектігі бар кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп отырғанын айтып, жазаны жеңілдетуді өтінді.

Судья Марат Күздеубаевтің шешімімен әйел 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан шеттетілді. Алайда сотталушының 14 жасқа толмаған баласы бар екені ескерілді. Осыған байланысты сот жазаны өтеу мерзімін бір жылға кейінге қалдырды.

Сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. 5 жасар қызынан айырылған Дана Үсімбек пен Ердәулет Сапарға 15 млн теңге беріледі. Әйелі мен баласынан көз жазып қалған Самат Айдаровқа 10 млн теңге өтемақы тағайындалды. Марқұмның әпкесі Айдана Искакованың пайдасына да моральдық зиян ретінде 10 млн теңге өндірілді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий