Асхат Асылбеков: Тоқаевты таңдағанына Назарбаев емес, оның қасындағы "кландар" өкінді
Танымал заңгер, журналист әрі саясаткер Асхат Асылбеков экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік транзитіндегі таңдауы және оның бүгінгі саяси қадамдарына қатысты ой қозғады. Оның пайымдауынша, Назарбаев өз «тағын» Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырғаны үшін еш өкінбейді. Тіпті, ел тарихындағы ең күрделі кезең — Қаңтар оқиғасы да бұл шешімнің дұрыстығына күмән келтіре алмаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында айтты.
«Жоқ, өкінген жоқ. Қаңтар оқиғасы болса да, ол өкінген жоқ. Өкінсе, Назарбаевтың астындағы кланы өкінді, олар көре алмады. Олар: «Мына билік қолымызда мәңгілік болады, өзіміздің елді тонау істерімізді жалғастыра береміз», — деп ойлады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев өкінген жоқ. Өйткені, қайсысы болса да... Мен Назарбаевты оқимын, әрқашан сынаймын, себебі сынайтын жері көп. Бірақ кейбір нәрселері — рас. Ол — шекараны бекіту, көршілерімен биязы қарым-қатынас жасау. Әрине, Тоқаев та сыртқы істер министрі ретінде соған белсенді түрде қатысты. Назарбаев екеуі бүкіл геосаясатты бірге жүргізген. Сол үшін, менің ойымша, ол түсініп отырды. Назарбаевтың данышпандығы да бар. Өмірдің өзгеретінін сезетін бір түйсігі бар. Сол үшін ол өкінген жоқ», — деді Асхат Асылов.
«Онда не үшін қайта-қайта жағалап Путинге барып жүр? Назарбаев әлі күнге дейін Путинді жағалап жүр ғой?» — деп сұрады журналист.
«Жоқ, ол стратегиялық емес, тактикалық нәрселер ғой. Ол да өмірдің кейбір сұрақтарын шешу қажеттілігінен шығар. Ресейдің ішінде кейбір экономикалық мәселелер, өзінің кен орындары болды, тағы басқа мәселелер бар, соларды шешу керек шығар. Кланды, адамдарды қорғау деген мақсат та болған шығар, ол да болды. Бірақ жалпы мемлекет, мемлекетшіл тұлға ретінде, менің ойымша, Назарбаев өкінген жоқ. Өйткені Тоқаев осындай қиын, геосаяси құбылмалы жағдайда жұмысты керемет өткізіп отыр. Әрине, ішкі саясат туралы айта алмаймыз. Ішкі саясатта үкіметке билікті беріп: «Сендер жауап бересіңдер», — деді. Көріп отырмыз, экономикалық жағдай біраз дағдарысқа жақындап бара жатыр, Салық кодексі де көп сұрақ туғызуда. Бірақ геосаяси жағынан Тоқаевқа... бұл жағымпазданғаным емес, расын айту керек, ол өзінің сыртқы істердегі жұмысын жақсы жүргізіп отыр», — деді Асхат Асылбеков.
Соңғы жаңалықтар