Астана асырап отыр: Дайын асты жұта алмаған Жамбыл облысының былығы ашылды
Жамбыл облысы республикалық қазынаға масыл болып отырған өңірлердің бірі. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс аймақтағы қаржылық тәртіптің босаңсығанын және қыруар қаржының желге ұшқанын көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Аудиторлардың дерегінше, облыс экономикасының көрсеткіштері өскенімен, елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,7%-дан 2,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Ең өкініштісі, өңір өз күнін өзі көре алмай отыр. Жергілікті бюджеттің 80 пайызы – Астанадан келетін дайын ақша.
Осы кезеңде орталықтан бөлінетін қаржы ағыны 51 пайызға өсіп, 521 миллиард теңгеге жеткен. Бірақ жергілікті билік дайын асты дұрыс іше алмай, 38 миллиард теңгеден астам қаржыны игермей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында қалдырған немесе кері қайтарған.
Тексеріс барысында аудиторлардың жағасын ұстатқан деректер анықталды. Мәселен, Тараз қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі биыл маусым айында қала жолдарын жөндеу үшін екі жобаға 537 миллион теңгені санап берген.
Ақшасы төленген, бірақ іс жоқ. Арада 70 күн өтсе де, мердігерлер жөндеуге кіріспеген. Техника орнынан тек тамыз айында, яғни аудиторлар келіп тексеріс бастаған соң ғана қозғалған.
Шу ауданындағы 18 ауылға газ тарту мәселесі де сақалды құрылысқа айналған. Екі жылда бітуі тиіс жобаның созылғанына алты жыл болды. Нәтижесінде 8,2 миллиард теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған.
Бұдан бөлек, Тараздағы шенеуніктер мемлекеттік сатып алуды жабық есік жағдайында өткізуді әдетке айналдырған. Құрылыс және ТКШ бөлімдері құжаттарға негізсіз «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген құпия белгі соғып, келісімшарттарды жасырын жасаған. Бұл бәсекелестікті шектеп, тамыр-таныстыққа жол ашқан.
Өңірді дамыту бағдарламасы да сын көтермейді. Онда Тараздағы кәріз жүйесінің жоқтығы, баспана кезегінің өсуі және су үнемдеу технологиялары сияқты халықты қинап отырған өзекті мәселелер мүлде ескерілмеген. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жоспары нақты нәтижеге емес, қағаз жүзіндегі көрсеткіштерді толтыруға құрылған.
Жалпы аудит нәтижесінде 58,5 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы тіркелді, оның басым бөлігі бухгалтерлік есептегі қателіктер. Ал 75,6 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, орынсыз жұмсалған.
Ендігі кезекте анықталған кемшіліктерді жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі Жоғары аудиторлық палатаның жіті бақылауында болады.
Соңғы жаңалықтар