Астанада екінші әуежайдың салынатын орны белгілі болды

05.06.2026 19:16 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада екінші әуежайдың салынатын орны белгілі болды
221

Астана қаласында болашақта салынуы мүмкін екінші әуежайға арналған басым аумақ белгіленді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қалалық мәслихат депутаттары Бас жоспарға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, жаңа әуежай үшін ең қолайлы орын ретінде Шортанды бағытын таңдады.

Жаңартылған Бас жоспарға сәйкес, алдағы жылдары елордаға келетін туристер саны артуы мүмкін болғандықтан, екінші әуежай қажеттілігі туындауы ықтимал. Сарапшылар нысанға көлікпен, пойызбен және LRT арқылы қолжетімділікті, сондай-ақ әуе қозғалысына құстардың кедергі келтірмеуін ескерген.

Нәтижесінде ең тиімді орын ретінде Астананың солтүстік-батысындағы, Астана – Көкшетау тасжолы бойындағы Шортанды кенті бағыты таңдалды.

Жоспарланған аумақ Астана шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» вокзалынан 73 шақырым қашықтықта орналасқан. Арнайы аэроэкспресс іске қосылған жағдайда вокзалдан әуежайға дейінгі жол 75–80 минутқа созылады деп күтілуде.

Құжатта жаңа әуежай салу туралы түпкілікті шешім өңір экономикасы, демографиялық ахуал және өзге де факторлар жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданатыны айтылған. Қазіргі таңда бұл тек ұзақ мерзімді перспективаға арналған аумақтық резерв ретінде қарастырылып отыр.

Мәслихат депутаттары Бас жоспарға енгізілген түзетулерді қолдап дауыс берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий