Астанада ер адам бұрынғы әйелінен қысым көріп жатқанын айтып, көмек сұрады
Астана тұрғыны бұрынғы келіншегінен әлімжеттік көріп жүргенін айтып, құзырлы органдардан араша сұрайды, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ер адамның сөзінше, ажырасқаннан кейін екі жыл өтсе де бұрынғы әйелі соңынан қалмай, аңдып, түрлі жанжал шығаруды тоқтатпаған. Қазіргі уақытта екі бала әкесінің тәрбиесінде отыр. Жәбірленуші бұған дейін полицияға бірнеше мәрте шағымданғанымен, тәртіп сақшылары ер азамат болғандықтан мәселеге атүсті қарап, істі жаба салғанын алға тартты. Заңгерлер мұндай әрекеттердің сталкинг белгілеріне ұқсайтынын және заң ер мен әйелге бірдей қолданылуы керек екенін айтады.
"Ер адамның тарапынан ешқандай құқықбұзушылық болмаған. Балағат, былапыт сөздер айтылмаған. Оның барлығының дәлелі бар. Оған қарамастан құзырлы органдар тиісті әділ шешімін шығармаған. Сондықтан да бізге жүгінді. Қазір енді бұл жерде бала мәселесі қарастырылып жатыр. Одан кейін азаматтың жеке басы қауіпсіздігі сталкинг бойынша және де ол азамат екі жылдан кейін, жаңа отбасы құру мақсатында бір азаматпен сөз байланысады", – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Мамандардың пікірінше, сотта ер азаматтарға қатысты істер қаралған кезде олардың уәждері толық тыңдалмай жатады. Қазіргі уақытта зардап шеккен азамат өзіне қатысты барлық жағдайдың заң аясында әділ қаралуын және бұрынғы жұбайының мазалауын толық тоқтатуын талап етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар